ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛЫНА 150 МЫҢ ТОННА ЖҮГЕРІ ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысының Шардара ауданында жүгеріні терең өңдейтін «Қазкрахмал» ЖШС зауыты жұмысын бастады. Жаңа кәсіпорын жылына 150 мың тонна шикізатты өңдеуге қауқарлы. Өндіріс орнында 500 жаңа жұмыс орны ашылған.

Заманауи технологиялармен жабдықталған кәсіпорында жүгеріні өңдеу тереңдігі 98 пайызға жетеді. Өндіріс іс жүзінде қалдықсыз технологияға негізделген.

Зауыттың алғашқы кезеңінде модификацияланған крахмал, глютен, сығынды, целлюлоза және басқа да өнім түрлері шығарылады. Кәсіпорын толық қуатына көшкен кезде өнім түрлерінің саны 28-ге дейін көбейеді. Олардың қатарында мальтодекстрин, меласса, сироптар және өнеркәсіптің түрлі салаларында сұранысқа ие өзге де өнімдер бар.

Өндірісті тұрақты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында облыста жүгері егіс алқаптарын кезең-кезеңімен ұлғайту және тамшылатып суару жүйелерін енгізу жоспарланған. Бұл – су ресурстары шектеулі өңір үшін маңызды шешім. Оның үстіне жүгері күрішке қарағанда суды аз қажет етеді.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстанда соңғы үш жылда жыл сайын 24 миллион тоннадан астам дәнді дақыл жиналған. Бұл көлем ішкі қажеттілікті өтеумен қатар, астықты терең өңдеу саласын дамытуға да мүмкіндік береді.

Министрдің сөзінше, еліміздің басты мақсаты – астықты тек шикізат ретінде экспорттамай, одан қосылған құны жоғары өнім өндіруді жолға қою.

Қазіргі уақытта Қазақстанда жылына жалпы 510 мың тонна астықты терең өңдейтін үш кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл Жамбыл облысында Fufeng Group компаниясының жылына 500 мың тонна жүгері өңдеуге арналған кешенінің бірінші кезеңі іске қосылған.

Сонымен қатар Ақмола, Қостанай облыстары мен Астанада төрт ірі инвестициялық жоба пысықталып, жүзеге асырылуда. Бұл жобалар толық іске қосылған жағдайда елімізде жылына 5,8 миллион тоннаға дейін астық шикізатын терең өңдеуге мүмкіндік туады.

Осылайша, Шардарадағы жаңа зауыт Түркістан облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жаңа жұмыс орындарын ашу және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту бағытындағы маңызды жобалардың біріне айналмақ.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар