Түркістанда нашақорлықтың алдын алу және жастар арасында есірткіге қарсы көзқарас қалыптастыру мақсатында «Есірткісіз болашақ» форумы ұйымдастырылды. Ауқымды шараға 1000-ға жуық адам қатысты.
Түркістан облысында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткен форум өңірде ұйымдастырылған есірткіге қарсы онкүндік профилактикалық жұмыстарының қорытындысына арналды.
Іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Абай Жүсіпов, ҚР Құрылтайының депутаты Гүлісхан Нахбаева, қоғам қайраткерлері, жастар және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Форум аясында құқық қорғау органдарының мүмкіндіктері таныстырылды. Қонақтарды полициядағы робот ит қарсы алып, дрон арқылы аумақты бақылау және құқық бұзушылықтарды анықтау тәсілдері көрсетілді.
Сондай-ақ қызметтік иттердің көмегімен жасырылған есірткіні табу, арнайы жасақ қызметкерлерінің күдіктіні ұстау кезіндегі тактикалық әрекеттері көрсетілді. Бұдан бөлек, «Жас сақшы» сыныбы оқушыларының суреттері мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, полицияның техникалық жабдықтары таныстырылды.
Форумның ресми бөлімінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров есірткіге қарсы күресте мемлекеттік органдармен қатар қоғамның да белсенділігі маңызды екенін атап өтті.
Өңір басшысының айтуынша, есірткі бір адамның ғана емес, тұтас отбасының тағдырына зиян келтіреді. Сондықтан жастардың бойында есірткіге деген үзілді-кесілді қарсылық қалыптастырып, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау қажет.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 950 мыңнан астам бала мен жас бар. Өңірде жастардың дамуына қолайлы жағдай жасау мақсатында әлеуметтік, мәдени және спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде. Облыс құрылғаннан бері 214 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілген. Сонымен қатар өңірде 3595 спорт нысаны жұмыс істейді.
Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров та есірткі қылмысына қарсы күресте құқық қорғау органдары мен қоғамның бірлескен әрекеті шешуші рөл атқаратынын айтты. Ол ата-аналар мен ұстаздарды жасөспірімдердің тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға шақырып, жастарды оңай табысқа емес, білім мен адал еңбекке ұмтылуға үндеді.
Форумның спикерлер алаңында жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, саналы таңдау жасау, азаматтық белсенділігін арттыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және есірткіге қарсы көзқарасты нығайту мәселелері талқыланды. Пікір алмасуға Гүлісхан Нахбаева, Олжас Сүлеймен, Абай Жүсіпов және Есен Елеукен қатысты.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ерлер хоры өнер көрсетті. Форум Ибрагим Ескендірдің әндерімен және «Алтын домбыра» жас домбырашылар ансамблінің концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.
Есірткі қылмысына қарсы күрес: 10 айдағы нәтиже
Түркістан облысы полициясының мәліметінше, 2026 жылдың 10 айында есірткіге байланысты 332 құқық бұзушылық анықталған. Заңсыз айналымнан 1 тоннаға жуық есірткі тәркіленген.
Сонымен қатар:
- 1360 интернет-ресурс бұғатталған;
- 2320 банк картасының айналымына шектеу қойылған;
- Есірткіні жарнамалайтын 515 граффити жазбасы жойылған;
- 1300-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізілген;
- Алдын алу шараларына 144 мыңнан астам адам қамтылған.
Айта кетейік, онкүндік аясында облыстың аудан-қалаларында жастармен кездесулер, профилактикалық акциялар мен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
Мамандардың пікірінше, есірткіге қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – отбасы, мектеп, қоғам және мемлекеттік органдар бірлесе атқаруы тиіс ортақ жұмыс.

