ТҮРКІСТАНДА БИЫЛ 138,5 ШАҚЫРЫМ ЖОЛҒА ОРТАША ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Түркістан – қасиетті шаһар, рухани астанамыз. Еліміздің стратегиялық маңызы бар бұл қаланы дамыту – мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі. Осы мақсатта қабылданған «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін берді. Бұл бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар қаланың келбетін түбегейлі өзгертіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – қала инфрақұрылымын дамыту. Түркістан қаласында соңғы жылдары жол-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді. Жаңа автожолдардың салынуы, ескі жолдардың жөнделуі қала ішіндегі көлік қозғалысын жеңілдетіп, қала тұрғындары мен қонақтары үшін ыңғайлылық тудырды. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың, велосипед жолақтарының пайда болуы қаланың жасыл және белсенді ортасын қалыптастыруға ықпал етті.

Түркістан қаласы аумағында ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Қала аумағында 2025 жылға жоспарланған жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жол сапасын арттыру және тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында 2025 жылы қосымша 138,5 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Бұл жұмыстар бүгінгі таңда толық орындалып, қаладағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 66,7 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға және қаланың тартымдылығын арттыруға зор үлес қосады.

Биыл Түркістан қаласында  Б.Майлин көшесін реконструкциялау жұмыстары басталды. Жалпы ұзындығы 1,98 шақырымды құрайтын көше бойында құрылыс жұмыстары бірнеше кезеңмен атқарылмақ. Бүгінгі күнге жол негізі әзірленіп, ескі асфальт жабындысы фрезерленді. Қазіргі уақытта 800 метр бөлікте жаңа асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Жобаны келесі жылы толық аяқтау жоспарланған. Бұл көшенің жаңартылуы қаланың көлік жүйесін жақсартуға және тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетуге бағытталған.

Түркістан қаласы әкімдігі жол жөндеу жұмыстарының сапасына тұрақты бақылау жүргізіп, жобалардың уақытылы әрі белгіленген талаптарға сай жүзеге асырылуын қатаң бақылауда. Бұл қаланың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған барлық жобалардың тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар