Қала тазалығы мен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру – шаһар мәдениетінің деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Урбанизация қарқынының артуына байланысты тұрмыстық қалдықтардың көлемі өсіп, оларды уақтылы жинау мен залалсыздандыру ісіне қойылатын талап та күшейіп отыр. Осыған орай, Түркістан қаласында қоқыс жәшіктерін жаңарту және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Биыл қала аумағында 500-ден астам жаңа қоқыс жәшігі орнатылды. Бұл – тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарын жинау сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұрын жарамсыз болып қалған немесе ескірген қоқыс жәшіктері жаңаларымен ауыстырылып, сондай-ақ қаладағы арнайы контейнер қойылмаған орындарға жаңа қоқыс жәшіктері орналастырылды. Мұның нәтижесінде қоқыс жинау инфрақұрылымы кеңейіп, қаланың санитарлық жағдайы жақсарды.
Түркістан қаласының аумағында жалпы 875 көше бар. Олардың тазалығы жүйелі түрде қамтамасыз етіледі: 30 көше күнделікті, 120 көше аптасына үш рет, ал қалған 725 көше аптасына бір рет санитарлық тазалау жұмыстарымен қамтылған. Бұл көрсеткіштер қала әкімдігінің тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және экологиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстауға деген ұмтылысын көрсетеді.
Түркістан қаласында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, қалдықтарды жинау және өңдеу жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар күнделікті жүргізіледі. Бұл – қала тұрғындары үшін таза әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама.
