ТУРИСТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ: ШЫНЫДАН ЖАСАЛҒАН «АҚЫЛДЫ» ДӘРЕТХАНА САЛЫНАДЫ

Бүгінгі таңда Түркістан қаласы туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп, осы бағытта ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда. Қаланың тарихи-мәдени мұрасы мен заманауи инфрақұрылымының үйлесімі туристерді тартуда маңызды рөл атқаруда. Осы орайда, 2025 жылдың соңына дейін туризм саласына 45 миллиард теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 9 айдың ішінде бұл көрсеткіш 40,5 миллиард теңгеге жетіп, жоспарға сай қарқынды даму байқалуда.

Инвестициялардың бір бөлігі қонақүй кешендерін салуға бағытталған. Қалада «Люкс тек», «Medina palace», «Бастау» және SPA орталығы бар бірнеше заманауи қонақүйлер бой көтеруде. Бұл нысандар туристерге жоғары деңгейдегі қызмет көрсетуді қамтамасыз етіп, Түркістанның туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар, биыл жалпы құны 495 миллион теңгені құрайтын «TURKISTAN TAXI» және «ALTYN TAXI» жобалары іске асырылуда. Бұл жобалар аясында 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, қаладағы көлік қызметінің сапасы мен қолжетімділігі жақсарады. Жобалардың мақсаты – туристер мен қала тұрғындарына ыңғайлы әрі сенімді тасымалдау қызметін ұсыну.

Жоспарға енген тағы бір маңызды нысан – «Қоғамдық қызмет көрсету орталығы». Бұл орталықта санитарлық-гигиеналық тораптар, тынығу бөлмелері, заманауи ауыз су стансалары, туристік ақпараттық орталық және электр көліктерін қуаттау бекеттері орналасады. Орталықтың жобасында дизайн мен қауіпсіздікке ерекше назар аударылған. Мысалы, дәретханалар «ақылды» шыныдан жасалады. Бұл материал толық мөлдір түрлі-түсті болып, кабинаның ішіне кірген кезде автоматты түрде күңгірттенеді. Мұндай технология пайдаланушыларға дәретхананың тазалығы мен қолдануға дайын екендігін алдын-ала бағалауға мүмкіндік береді.

Осылайша, Түркістан қаласында туризм саласын дамытуға бағытталған кешенді шаралар экономиканың әртүрлі салаларына оң әсерін тигізуде. Туристік инфрақұрылымды жақсарту арқылы қалаға келетін қонақтардың саны артып, жергілікті кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес өкілдерінің табысы өсуде. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал етеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар