ЖЕТІ БАЛА, 24 НЕМЕРЕ, 39 ШӨБЕРЕ: ТҮРКІСТАНДЫҚ ӘУЛЕТ ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУДА МАРАПАТТАЛДЫ

Астанада «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Еліміздің әр өңірінен іріктелген 20 отбасы салтанатты жиында құрметке бөленді. Олардың қатарында Түркістан облысының атынан қатысқан Мұхановтар әулеті де бар.

Мұхановтар отбасы 2026 жылғы байқаудың облыстық кезеңінде жеңімпаз атанып, ұлттық деңгейде өңір намысын қорғаған болатын.

Бұл – тәрбиені, адал еңбекті, білім мен ұлттық дәстүрді өмірлік ұстанымына айналдырған өнегелі әулет.

Отбасы отағасы Бөрібай Мұханов (1925–1990) – Ұлы Отан соғысының ардагері. Соғыстан кейін ішкі істер бөлімінде ұзақ жылдар қызмет атқарып, зейнетке шыққан соң совхозда техника қауіпсіздігі инженері болып еңбек еткен.

Ал 92 жастағы Айша Абденова – «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегері, көпбалалы ана, тыл ардагері. Бөрібай мен Айша жеті баланы тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олардың ұрпағы 24 немере мен 39 шөбереге ұласып отыр.

Мұхановтар әулетінің тарихы – бірнеше ұрпаққа жалғасқан адал еңбектің, отансүйгіштіктің, үлкенге құрмет пен отбасы бірлігінің үлгісі. Ұрпақ тәрбиесін басты құндылық санаған әулеттің өмір жолы кейінгі буынға өнеге болары сөзсіз.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының басты мақсаты – отбасы институтының қоғамдағы беделін арттыру, өнегелі отбасыларды дәріптеу және ұлттық құндылықтарды насихаттау.

Түркістан облысының абыройын асқақтатқан Мұхановтар әулетін лайықты марапатымен құттықтаймыз!

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар