ЖЕТІСАЙ: ЖАҢА АУЫЛҒА ЖАҢА ӘКІМ САЙЛАНДЫ

Жетісай ауданында кезекті саяси маңызы бар іс-шара өтті. Ағымдағы жылдың 28 маусымында Жаңа ауыл ауылдық округінің тұрғындары өз таңдауларын жасап, жаңа басшыларын сайлады.

Сайлау ережесіне сай өткен науқан барысында үміткерлер халықпен ашық кездесулер өткізіп, алдағы жылдарға арналған даму бағдарламаларын таныстырған болатын. Насихат жұмыстары жүйелі, ал жоспарлары жұртшылықтың көңілінен шыққан Жақыпбек Болатбек Нұрмаханбетұлы дауыс беру нәтижесінде округ әкімі лауазымына ие болды.

Осынау саяси додада жеңіске жеткен Болатбек Нұрмаханбетұлына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен Жетісай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бақыт Серіков сайлау комиссиясының ресми шешімі мен қызметтік куәлігін салтанатты түрде табыс етті.

Жаңа басшыны таныстыру шарасына аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Ермеков, сондай-ақ жергілікті ақсақалдар мен мекеме басшылары қатысты.

Жиын барысында аудан басшысы Серік Мамытов бұл қадамның жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытудағы маңызына тоқталып өтті:

«Әрбір азаматтың саяси процестерге тікелей қатысып, ауыл басшысын өзі сайлауы — жергілікті өзін-өзі басқару принциптерінің нақты жүзеге асырылуының айғағы. Сайланған әкімдер ең алдымен өз ауылдарының инфрақұрылымдық, әлеуметтік және ауыл шаруашылығы мәселелерін қажетті инвестицияларды тарту, тиімді қаржыландыру арқылы шешуге күш салуы тиіс. Тұрғындар мен әкім арасында ешқандай кедергі болмауы қажет. Бұл — мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының өміршеңдігін көрсетеді», — деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, аудан басшысы Жаңа ауыл ауылдық округінің жаңа әкіміне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, елді мекендердегі қордаланған өзекті мәселелерді жедел арада шешу; өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін жүйелі түрде жоғарылату; ауылдардағы санитарлық тазалық жұмыстарын ретке келтіру; бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасау.

Жиын соңында аудан басшылығы мен ауыл ақсақалдары жаңадан сайланған округ әкімінің жауапты қызметіне береке мен сәттілік тіледі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар