ЖОЛ ТӘРТІБІН БҰЗҒАНҒА ЖАЗА БАР: СОЗАҚТА ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Адам өмірі мен денсаулығынан қымбат ештеңе жоқ. Алайда, көлік тізгіндеген кейбір жүргізушілердің салғырттығы мен жылдамдықты шамадан тыс асыруы орны толмас өкініштерге әкеп соғып жатады. Осы ретте, Созақ ауданы аумағындағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі жергілікті билік пен құқық қорғау органдарының жіті бақылауына алынды.

Жақында аудан әкімдігі мен аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен өткен жиында бұл бағыттағы ахуал ашық талқыланды. Өкінішке қарай, статистика көңіл көшітпейді. Нақтырақ айтсақ, 2026 жылдың басынан бері аудан аумағында 29 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 7 адам қаза тауып, 36 азамат түрлі деңгейдегі дене жарақаттарымен Созақ аудандық ауруханасына жеткізілген. Осы оқиғалардың әрбірінің артында бір-бір шаңырақтың қайғысы мен зардабы тұрғанын ескерсек, бұл мәселеге бейжай қарау мүмкін емес.

Жиында қабылданған шешімдер аясында қазіргі таңда аудандық прокуратура мен полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, ауқымды рейдтік іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстарын қолға алды.

Бүгінде ереже бұзушылықты анықтауға заманауи технологиялар кеңінен тартылуда. Мәселен, аудан орталығы – Шолаққорған ауылында жылдамдықты бақылайтын 6 дана «Мерген»  құрылғысы орнатылып, ағымдағы жылдың 2 маусымынан бастап ресми түрде пайдалануға берілді. Бұл автоматты жүйелер жүргізушілердің белгіленген жылдамдық режимін қатаң сақтауына септігін тигізбек.

Сонымен қатар, облыс орталығы мен ауданды байланыстыратын басты күре жолдардың бірі – «Шымкент – Түркістан – Созақ» бағытында жол қозғалысы дрон (ұшқышсыз ұшу аппараты) арқылы жоғарыдан қадағалана бастады. Әуедегі бақылаушы қарсы бағытқа шығып кеткен немесе өзге де өрескел қателік жіберген жүргізушілерді заматта анықтауға мүмкіндік береді.

Аталған «Шымкент – Түркістан – Созақ» автожолының бойында жүргізушілердің назарын аударып, сақтыққа шақыру мақсатында ерекше әдістер қолданылуда. Қазіргі уақытта жол жиектеріне 5 дана полиция автокөлігінің макеті мен 5 дана үй жануарларының муляжы орналастырылды.

Түнде және ұзақ жолда шаршап келе жатқан жүргізуші алыстан полиция көлігінің немесе малдың бейнесін көргенде, бірден жылдамдықты бәсеңдетіп, қырағылығын арттыратыны белгілі. Бұл тәжірибе жол-көлік оқиғаларын азайтуда айтарлықтай нәтиже беріп келеді.

 «Жол қателікті кешірмейді. Орнатылған құрылғылар мен жасалып жатқан шаралардың барлығы – біреуге айыппұл салу үшін емес, азаматтардың амандығын сақтау үшін жасалуда. Әрбір жүргізуші үйінде өзін күтіп отырған жақындарын ойлап, жол ережесін қатаң сақтауы тиіс» дейді полиция қызметкерлері.

Қауіпсіздік шаралары алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Ең бастысы – жүргізуші мәдениеті мен жауапкершіліктің жоғары болуы.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар