ЖЫЛУ БЕРІЛДІ, БІРАҚ ШАҒЫМ КӨП: ҮКІМЕТ ӘКІМДЕРГЕ ТАЛАП ҚОЙДЫ

Қазақстанда жылыту маусымы басталғанымен, жылумен қамту мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов кейбір өңірлерде тұрғындардың жылу сапасына көңілі толмайтынын және үйлерінде жылудың болмауына қатысты шағымдар түсіп жатқанын айтты.

Үкімет басшысының сөзінше, мұндай өтініштер Ақтау, Павлодар және Петропавл қалаларынан түскен.

Жаз айларында жылу және электр желілерін жөндеу, қажетті жабдықтарды дайындау жұмыстары жүргізілген. Соған қарамастан, жылыту маусымы басталғаннан кейін кейбір тұрғындар мәселенің толық шешілмегенін айтып отыр.

Олжас Бектенов өңір әкімдеріне жылыту маусымына жауапты штабтардың жұмысын күшейтіп, тұрғындардың арыз-шағымына жедел жауап беруді тапсырды. Сонымен бірге қыс мезгілінде авариялық бригадалар мен арнайы техниканы толық дайындықта ұстауды, көмір бағасының тұрақтылығын бақылауды міндеттеді.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, биыл электр станцияларында 9 энергия блогын, 55 қазандық пен 51 турбинаны жөндеу жоспарланған. 10 қарашадағы есеп бойынша 8 энергия блогы, 49 қазандық және 37 турбина жөнделген.

Электр станциялары жабдықтарының тозуы 52 пайызға дейін, электр желілерінің тозуы 65,7 пайызға, жылу желілерінің тозуы 48 пайызға дейін төмендеген.

Алайда мәселенің негізгі өлшемі жөнделген нысандардың саны ғана емес. Қыстың қақаған аязында тұрғындардың үйі қаншалықты жылы болатыны, мектептер мен ауруханаларда жылудың үзілмеуі маңызды.

Жыл сайын жылыту маусымына дайындық туралы есеп беріледі. Ендігі мәселе – сол дайындықтың нақты нәтижесін халықтың сезінуі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар