ЖҰМЫС БЕРУШІ ӘЛЕУМЕТТІК АУДАРЫМДАРДЫ ТӨЛЕМЕСЕ, НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Қазақстандық жұмыскерлер жұмыс берушінің өздері үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) әлеуметтік аударымдарды уақытылы әрі толық аударып отырғанын өз бетінше тексере алады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еске салды.

Министрліктің мәліметінше, әлеуметтік аударымдардың тұрақты төленуі азаматтардың әлеуметтік қорғалуында маңызды рөл атқарады. Өйткені болашақта тағайындалатын әлеуметтік төлемдердің мөлшері адамның табысына және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты есептеледі.

Әлеуметтік аударымдарды кім және қанша мөлшерде төлейді?

Жалпы тәртіп бойынша жұмыс беруші жұмыскер үшін әлеуметтік аударымдарды өз қаражаты есебінен аударады. Бұл қаражат қызметкердің жалақысынан ұсталмайды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әлеуметтік аударым мөлшерлемесі есепке алынатын табыстың 5%-ын құрайды. Төлемдер ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс.

Әлеуметтік аударымдар не үшін қажет?

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі азаматтарға бірнеше жағдайда әлеуметтік төлем алуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда:

  • еңбекке қабілеттіліктен айырылғанда;
  • жұмысынан айырылғанда;
  • жүктілік пен босануға байланысты;
  • жаңа туған баланы асырап алғанда;
  • бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табыстан айырылғанда;
  • асыраушыдан айырылған жағдайда (заңда көзделген талаптар сақталған кезде).

Әлеуметтік төлемдердің мөлшері аударым жүргізілген табысқа, жүйеге қатысу ұзақтығына және заңнамада белгіленген өзге де талаптарға байланысты анықталады.

Әлеуметтік аударымдарды қалай тексеруге болады?

Министрлік азаматтарға аударымдар туралы мәліметтерді бірнеше жолмен алуға болатынын хабарлады.

Біріншіден, eGov.kz порталы арқылы тексеруге болады. Ол үшін «Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға әлеуметтік аударымдардың жағдайы мен қозғалысы туралы ақпарат беру» қызметін таңдап, қажетті кезеңді көрсетіп, электрондық сұрау салу қажет. Нәтиже пайдаланушының жеке кабинетіне жіберіледі.

Екіншіден, жекелеген банктердің мобильді қосымшаларындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінен ақпарат алуға болады.

Үшіншіден, Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) немесе Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының филиалына жеке жүгінуге мүмкіндік бар. Бұл жағдайда жеке басты куәландыратын құжат қажет.

Аударымдар түспесе, не істеу керек?

Егер белгілі бір айларда әлеуметтік аударымдар жүргізілмегені анықталса немесе аударылған сомаларға қатысты күмән туындаса, алдымен жұмыс берушіге немесе бухгалтерияға жүгініп, мәліметтерді салыстыру қажет.

Ал жұмыс беруші әлеуметтік аударымдарды төлеу жөніндегі міндеттемесін орындамаса, жұмыскер олардың толық әрі уақытылы аударылуын бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органдарына өтініш бере алады.

Әлеуметтік төлемдерге қатысты қосымша ақпаратты МӘСҚ филиалдарынан немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығынан алуға болады.

Мамандар әлеуметтік аударымдарды тұрақты тексеріп отыруға кеңес береді. Бұл төлемдердегі үзілістер мен сәйкессіздіктерді дер кезінде анықтап, азаматтың әлеуметтік құқықтарының сақталуына мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар