ЗИРАТТАРДЫ ЦИФРЛАНДЫРЫЛУ: JERLEU ПЛАТФОРМАСЫ ӨТКЕНМЕН БАЙЛАНЫСТЫ ЖАҢҒЫРТАДЫ

Шымкентте Shymkent-hub IT паркінің ұйымдастыруымен  Jerleu жобасы  таныстырылды.  Jerleu бүкіл ел бойынша зираттарды цифрландыратын жаңа қазақстандық платформа. Жоба авторы «KazAeroSpace» ЖШС.

Компанияның  бас директоры Айбол Нысановтың мәлімдеуінше, Jerleu –тек зираттар тізімін ұсынатын сервис емес, ол – ата-бабалармен байланысты қайта орнатуға мүмкіндік беретін кешенді цифрлық жүйе. Платформа арқылы пайдаланушылар туыстарының немесе ата-бабаларының зираттарын оңай тауып, олардың қайда жерленгенін, туған күні мен қайтыс болған күнін біле алады. Сонымен қатар, зират карталары, қабір суреттері және жерленген адамдар жайлы мәліметтер қолжетімді болады.

Платформа болашақта шежіре (отбасылық шежіре ағашын) құрастыру функциясын да ұсынбақ. Бұл мүмкіндік арқылы қолданушылар туыстарын тіркеп, отбасы тарихын жинап, оны цифрлы түрде сақтай алады. Jerleu, сондай-ақ, онлайн-қызметтерді де ұсынады: қабірді күту, тазалау, көгалдандыру, ескерткіш орнату сияқты жұмыстарға тапсырыс беруге болады.

Қазіргі таңда jerleu.kz сайтында фамилия арқылы іздеуді бастауға болады.

Компанияның IT директоры  Әйгерім Әлмұрзаева тұрғындарға платформаның мүмкіндіктерін жан-жақты түсіндіре келе, пайдаланушылар бұл платформадан көптеген қызықты және маңызды мәліметтер таба алатынын жеткізді.

Бұл жоба зираттарды цифрландыру арқылы әр азаматтың ата-бабасының жерленген жері мен деректерін онлайн-платформада баршаға қолжетімді етуді көздейді. Jerleu арқылы марқұмның аты-жөнін, өмір сүрген жылдарын, құлпытастың фотосын және қабірдің картадағы нақты орнын табуға болады. Сондай-ақ 2ГИС немесе Яндекс карталар арқылы жол сызбасын құрастыруға мүмкіндік бар.

— Жоба мүмкіндіктері бойынша жерлеуге онлайн өтінім беру, рәсім уақыты мен күнін белгілеу, қабір қазу, құлпытас орнату, көлік қызметіне тапсырыс жасау қызметтері ұсынылады. Сонымен бірге қабірді тазалау, көгалдандыру, бояу жұмыстарын онлайн тапсырыс беріп, «бұрын» және «кейін» фотоесеп алу мүмкіндігі қарастырылған. Тұрғындар үшін тағы бір маңызды жаңалық – марқұмның өмірбаянын, фотосуреттерін қосып, «цифрлық мемориалдық парақша» жасауға болады, — деді Айбол Нысанов

Кездесу барысында мамандар Jerleu жобасының мемлекетке де пайдасы зор екенін атап өтті. Қайтыс болған адамның жақындарының сұранысына қарай жауапты мамандар платформаға кіріп орын таңдауға көмектеседі. Ал өтінім беру процесі толық ашық әрі қарапайым жүргізіледі дейді жауаптылар.

Жоба жетекшісі Әйгерім Әлмұрзаеваның айтуынша, жобаны жүзеге асыруға 2 жылға жуық уақыт кеткен. Алдағы уақытта Қазақстандағы барлық зираттарды цифрландыруды аяқтап, цифрлық шежіре қызметі іске қосылмақ. Сонымен бірге мемориалдық парақшалардың мүмкіндіктерін кеңейту және жобаны басқа елдерде де жүзеге асыру жоспарланған.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар