Мемлекет басшысының елдегі құқықтық тәртіпті нығайту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Мақтаарал ауданындағы «Атакент» шекара бөлімшесінде маңызды профилактикалық іс-шара өтті.
Тәрбие, идеологиялық және кадр жұмыстары бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы, подполковник Р.Төлепбергеновтің жетекшілігімен ұйымдастырылған жиын әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға және отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналды.
Кездесуге Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі инспекторлары мен аудандық «Отбасын қолдау орталығының» халықпен жұмыс жүргізу жөніндегі маманы қатысты. Іс-шара барысында тараптар тұрмыстық жанжалдардың алдын алу, алкогольдік ішімдіктер мен есірткі заттарын пайдаланудың жолын кесу мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. Сондай-ақ, әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына қатысты заңнамада қарастырылған әлеуметтік кепілдіктер туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, құқықтық сауаттылықты арттыруға баса назар аударылды.
Жиынға барлығы 27 әскери қызметші мен 16 отбасы мүшесі қатысты. Мұндай жүйелі кездесулердің басты мақсаты – әрбір шаңырақтың берекесін сақтай отырып, елімізде қауіпсіз қоғам орнатуға үлес қосу. Сала мамандары отбасы институтын нығайту арқылы ғана тұрақты және қауіпсіз орта қалыптастыруға болатынын атап өтіп, әскери қызметшілерді өз отбасыларында өзара түсіністік пен сыйластық ахуалын сақтауға шақырды.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушыларға тиісті құқықтық кеңестер беріліп, алдағы уақытта да осындай профилактикалық жұмыстардың жалғасатындығы айтылды.
