26/11/2024

ТҮРКІСТАНДА ОБЛЫС БАСШЫЛЫҒЫ МЕН ЖЫЛЫЖАЙ ИЕЛЕРІ БАС ҚОСТЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен жылыжайларға көмек көрсету мәселесі жан-жақты қарастырылуда. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы фермерлермен кездесті. Басқосуға жауапты басқарма басшылары мен қаржы ұйымдарының жетекшілері қатысты. Сонымен бірге жиынға онлайн қосылған теміржол тасымалдаушылары көтерілген сұрақтарға жауап берді.
Кездесуде жылыжай шаруашылықтарының қазіргі жағдайы және оның өндірісін дамытуға ұсыныстар ортаға салынды. Әкімдік тарапынан тауар өндірушілердің мүлкіне келтірілген нұқсан жөнінде акт ұсынылған жағдайда қаржы ұйымдары алдындағы берешектерінің (несие қаржы) өтеу мерзімдерін 1 жылдық мерзімге кейінге шегеру жөнінде ұсыныстар жолданды.
Ірі жылыжай кешендері мұндай жағдайға дайын болғандықтан шығынға ұшырамағаны белгілі болды. Оның үстіне бизнесі сақтандырылғандықтан, шығындарды заң жүзінде өтеу жағы қаралған.
Зардап шеккендер – шағын жылыжайлар. Оларға қаржы ұйымдары арқылы жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етуге жұмыстар атқарылуда. Алайда жылыжайлардың 90 % -дан астамының құжаттары жоқ не түгел емес болып шықты. Яғни, заң аясында қаржылай қолдау жағы қиынға түседі. Бұл тұста өңірдегі жылыжайларды жаппай заңдастыру мәселесі көтерілді.
Сонымен қатар алдағы уақытта көмір тасу мәселесін шешу үшін шаруа қожалықтарын операторлармен тікелей байланыстырып, жұмыс бастау мәселесі талқыланды. Алайда көмір өндірушілер, яғни бизнес өкілдерінің де өз талаптары бар. Көмірдің қаражаты алдын ала және толық беруілуі тиіс. Бұл – қарапайым шаруа үшін тым қомақты қаржы. Алдын ала сатып алынған көмір қорын сақтайтын қойма қажет.
Оның үстіне өңірге жеткізіліп жатқан көмір әлеуметтік салаға бағытталған. Тұрғындар мен аурухана, емхана, мектептер мен әлеуметтік нысандарға арналған арзандатылған көмір. Ал жылыжайлар – жеке кәсіпкерлер санатында.
Қатты жауған қардан құлаған жылыжайлардың басым бөлігінде егін егу жұмыстары басталмаған. Жалпы шағын жылыжайлар тұтастай фермерлік қолдан жасалған жеңіл конструкциядан жасалған. Бүгінде 167 тауар өндірушінің 36 гектар жылыжайы қар салмағын көтере алмай, жарамсыз күйге түскен. Осылайша, жеке кәсіпкерлер қаржылық шығынға ұшырады.
Облыс әкімдігі тарапынан жылыжай иелеріне қолдау көрсету жолдары жан-жақты зерделеніп жатыр. Барлық тараптардың ұсыныстары сараланғаннан кейін заң аясында көмек көрсетіледі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар