Қаржы министрлігі жеке азаматтарды банкрот деп жариялаудың қағидалары мен нысан-формаларының жобаларын жариялады.
Заңгер Аслан Төребаевтың айтуынша, жеке тұлғалардың банкроттығы тетігіне көптеген азамат іліге алмай қалуы мүмкін. Сонымен қатар мұнда қарыз қыспағына түскен адамдарды шошытуы мүмкін бірқатар талап барына назар аудартты. Мысалы, банкрот болған азаматтың мәліметтері «электрондық Үкімет» веб-порталында орналастырылады. Сонда өзге қарыз берушілердің ол жайындағы ақпаратпен танысуына жол ашылады.
Екіншіден, борышкердің соңғы үш жылдағы банктік аударымдарына дейін тексерілуі мүмкін. Банкроттыққа өтініш бергендер «Борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызында» осыған өзі рұқсат етуі керек.
Борышкер өзін банкрот жариялау үшін электронды түрде келесі құжаттарды ұсынуы қажет:
- Арызды;
- кредиторлардың атауы, берешек сомасы, тұрған жері көрсетілген тізімді;
- борышкердің банктік қарыз, микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеуді және (немесе) өндіріп алуды жүргізу жөнінде шаралар қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесін қоса береді.
Егер барлық құжаттар пакеті толық болса, онда банкроттықтан үміткер туралы мәліметтер 15 жұмыс күні ішінде «электрондық Үкімет» веб-порталында орналастырылады.
Жалпы, банкроттау рәсімі жарты жылға ұзауы ықтимал: соттан тыс банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі мәліметтер «электрондық Үкімет» веб-порталында орналастырылған күннен бастап 6 айды құрайтыны жазылған. Борышкерді банкрот деп тану туралы шешімге қатысты дайын құжаттарды ХҚКО-лардан алуға болады. Өзге екі рәсімге қарағанда, бұл қызмет тегін көрсетіледі.