26/11/2024

«КҮМІС ЖАС»: БИЫЛ 768 АДАМДЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРУ ЖОСПАРЛАНҒАН

Шымкент қаласының тұрғыны Қали Ажибаев 51 жасында мемлекеттік «Күміс жас» жобасына қатысып, өзінің мамандығы бойынша жұмысқа орналасты.

–2024 жылдың қаңтар айында жұмыс іздеп Қаратау аудандық Мансап ортылығының қызметіне жүгіндім. Орталық қызметкерлірінің көмегімен жұмыссыз ретінде тіркеліп, «Күміс жас» жобасы бойынша берілген жолдамасы арқылы «Болашақ» ақпараттық-оңалту орталығында әңгімелесуден өттім. Қазіргі сәтте сол мекемеде заңгер болып жұмыс істеймін және өз жұмысыма өте ризамын, – дейді Қ.Ажибаев.

Расы керек, елімізде аға буын атанған шақта жұмыссыз қалған азаматтардың еңбекке қайта орналасуы қиын. Басшылық қызметте, жеке кәсіпкерлікте болмаса, мұғалімдіктен басқа мамандықтардың барлығы егде жастағыларды шеттетуге дайын тұрады. Сондықтан елімізде жасы зейнетке жетпеген, екі қолға бір күрек сұрап жүрген азаматтар жетерлік.

Бұл жобаға 50 жастан асқан жұмыссыз адамдар зейнеткерлік жасқа толғанға дейін қатыса алады. Жобаға қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет.

«Күміс жас» жобасын қаржыландыруды еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушінің жоба шеңберінде жұмысқа орналастырылған жұмыссыздарға еңбекақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидиялар беру жолымен жүзеге асырады. Субсидиялар мөлшері: жұмыстың бірінші жылында жалақы мөлшерінің 70% (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың екінші жылында жалақы мөлшерінің 65% (бірақ
30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың үшінші жылында жалақы мөлшерінің 60% (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын) құрайды.

«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлік жасқа толмаған адамды кемінде 1 жыл мерзімге тұрақты жұмыс орнына, сондай-ақ зейнеткерлік жасқа дейінгі адамды зейнетке шыққанға дейін жұмысқа орналастыруға міндетті.

2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, елімізде «Күміс жас» жобасы бойынша 9,9 мың адам жұмысқа орналастырылған. Алғашқы тоқсанда осы бағдарлама бойынша Шымкент қаласында  689 адам, бірінші жартыжылдықта 733 адам жұмысқа орналасқан.

2024 жылы осы бағыт бойынша барлығы 19 060 адамды,  Шымкент қаласында 768 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған.

NARKESKEN.KZ

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар