26/11/2024

ШЫМКЕНТ: 9 АЙДА 2391 АДАМ ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСТАРҒА ОРНАЛАСТЫРЫЛДЫ

Шымкентте 2024 жылдың 9 айының нәтижесінде 68 487 адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына жүгінген. Соның ішінде 24 326 адам жұмыспен қамтылды. Жоспар 80,5%-ға орындалды.

Жалпы, биыл мегаполисте 56 962 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған. Осы жылғы жоспар бойынша 30 207 адамды жұмыспен қамту , кәсіпкерлік бастамаларға бағыттау және қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдау секілді мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру көзделген. Атап айтқанда, 4 176 адамға кәсіпкерлігін ілгерілетуге жағдай жасау, 7 453 адамды субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау, 14 846 адам бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, 3 752 адамды кәсіптік оқытуға жолдау жоспарланған.

Сонымен қатар тағы 26 482 жаңа жұмыс орнын: 3 140 орын – концепция және Даму жоспары есебінен, 23 342 орын – жеке бастама есебінен құру жоспарланған.

2021 жылы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мерзімі аяқталған болатын. Осыған орай 2021 жылы қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленді. Соның бірі — Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы.

Ұлттық жоба 10 міндетті көздейді. Оның үшеуі халықты жұмыспен қамту үшін жәрдемдесуге бағытталған. Нақтырақ айтсақ, басты мақсат – азаматтардың өз ісін ашып, дамытуына жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту болып табылады.

Мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына  «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім шарты» және әлеуметтік жұмыс орындары кіреді.

Биыл субсидияланатын жұмыс орындарына 7 453 адамды жолдау жоспарланса, 9 айда 6 647 адам жұмысқа жіберілген, оның  2391-і  ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылған.

Қоғамдық жұмыстар қызметкердің алдын-ала кәсіптік даярлаудан өтуін талап етпейді және әлеуметтік пайдалы бағытта болады. Қоғамдық жұмыстарды жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін Мансап орталықтары ұйымдастырады.

Жұмыспен қамтудың бұл түрі тұрақты жұмыс саналмайды. Бұл – мемлекеттік мекемелердің ұсынысы бойынша құрылған штаттан тыс, уақытша жұмыс орындары. Қоғамдық жұмыстарға кез келген мамандық иесі, тіпті ешқандай біліктілігі, дипломы жоқтар, яғни  тіркелген жұмыссыздар, студенттер мен жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары оқудан бос уақытында, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарда, өндірістің тоқтап қалуына байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдар қатыса алады.

Қоғамдық жұмысқа жолдама алу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына жүгінулері қажет.

Жалақыны субсидиялау мерзімі 12 айдан аспайды. Айына жалақы мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны ескере отырып, 20 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) төмен емес белгіленеді.

Айта кетейік, 2024 жылғы 2-тоқсанда жұмыссыздар саны 22,4 мың адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі жұмыс күшіне қарағанда 4,8% құрады. Ал, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны 17615 адамды құрады немесе жұмыс күшінің санына 3,8% болып қалыптасты.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар