Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Fabe Polska» поляк компаниясының өкілдерімен кездесу өткізіп, 150 гектар аумақты қамтитын жоғары технологиялы жылыжай салу бойынша меморандумға қол қойды.
Ауқымды жобаның жалпы құны — 200 миллион АҚШ долларын құрайды. Жылыжай кешенін іске қосу нәтижесінде жыл сайын 36 мың тонна қызанақ пен қияр өндіріліп, 800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Жылыжайдан алынатын өнімдер жергілікті нарықпен қатар, экспортқа да шығарылатын болады. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ірі инвестициялық жобаға қызығушылық танытқаны үшін инвесторларға алғысын білдіріп, қаланың дамуы үшін инвестициялық климатты жақсартудың маңыздылығын атап өтті.
«Қаладағы ірі жобаларды жан-жақты қолдауға дайынбыз, себебі бұл тек Шымкенттің емес, тұтас еліміздің дамуына оң әсер етеді», — деді қала әкімі.
Жобаның іске қосылуы Шымкенттің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, жылыжай шаруашылығын дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға серпін береді.