Отырар ауданының Мыңшұқыр ауылында 50 отбасы баспаналы болды. Ауданның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ауыл тұрғындары үшін бұл үлкен қуаныш болып отыр. Қоғам ауылдық округіне қарасты бұл елдімекенде 4 қабатты 32 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы өткен жылы басталған болатын.
Тұрғындарды арнайы құттықтап барған аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы қуаныш иелеріне жаңа пәтердің кілтін табыс етті.
«Еліміздің әлеуметтік саясатының ең маңызды бағыттарының бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда ауданда халықтың баспана мәселесін шешу үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Шаңырақтарыңыз берекелі әрі шаттыққа толы болсын!», – деді аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы өз сөзінде.
Жалпы Отырар ауданы бойынша тұрғын үй кезегіне 2491 азамат тіркелген.
Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы Қоғам ауылы, Мыңшұңқыр елді мекенінде 4 қабатты 32 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталып, ел игілігіне берілді. Бұдан бөлек, Шәуілдір ауылындағы Жаңа тұрғын үй алабынан жеке инвесторлар есебінен 2 пәтерлі 9 үйдің құрылысы жүргізілді. Аталған тұрғын үйлердің құрылысы толық аяқталып, тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға үлестірілді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын тауып, 4 қабатты 32 пәтерлі бір тұрғын үйдің құрылысы басталған. Бұл нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.