Шымкент қаласының № 12, 13 емханаларында қолданыстағы ЭКГ-аппараттарды цифрландыру және жаңа аппарат сатып алмай-ақ цифрлық ЭКГ-сигналын орнататын Smart-ЭКГ пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Осының көмегімен жүздеген шымкенттік қашықтан жүрек диагнозын ала алады.
Smart-ЭКГ бірегей қосымшасының арқасында жүрек-қан тамыры жүйесі аурулары бар тұрғындардың дәрігердің қорытындысын тез арада тікелей смартфонға немесе электронды поштасы арқылы алуына мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, Smart-ЭКГ бірегей қосымшасы еліміздің 100-ден астам емханасында, оның жартысы ауылдық емханаларда енгізілді.
«Бұл бағдарламаны қолданғанымызға жылдан асты, бұл өте ыңғайлы, өйткені қашықтан түсірілетін барлық электрокардиограммалар бірден бағдарламаға түседі, біз мәліметтермен танысып, қорытындыны бірден электрондық мекенжайға жібереміз. Ақылды ЭКГ бізге пациенттің дәрігерге тез, уақтылы қаралуына, диагноз қоюға және қажет болған жағдайда ауруханаға жіберуге мүмкіндік береді» дейді кардиологтар.
Дәрігерлер денсаулыққа қауіп төндірмей ұзақ өмір сүрудің негізі ерте диагноз жасатуда екенін айтады. Жүрек аурулары біздің елде де өлім-жітімнің негізгі себептері болып табылады.
Осынау жаңа цифрлық шешім ЭКГ-диагностиканы қолжетімді етіп қана қоймай, сапалы етуге мүмкіндік береді.
Бұл бағдарламалық жасақтама әлемнің кез келген мемлекетінде жасалған ЭКГ аппараттарымен жұмыс істейді. Бірегей драйвер компьютерге орнатылады, ал ЭКГ аппаратының өзі әзірленген осы драйвердің арқасында компьютерге қосылады. Электрокардиографиялық сигналдың өзі компьютер мониторына шығарылады. Мәліметтерді жасанды интеллект өңдеп, содан кейін дәрігердің жеке кабинетіне танысуға жіберілді.
Айта кетейік, жоба ғылыми қордың қолдауымен қаржыландырылып, іске қосылды. 2021 жылдан бастап Smart-ЭКГ платформасын әзірлеушілер 250-ден астам ауылдық елді мекенге барды. Осы уақыт ішінде мамандар қашықтан ондаған мың электрокардиограммаларды ашты. Денсаулық сақтау жүйесіне отандық бағдарламаларды енгізу бойынша жұмыстар жалғаса бермек.
