Кентау қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) жанындағы құрылымдардың бірлескен отырысы өтті. Ассамблея құрылымдары отырыста төртінші тоқсанда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Аталған іс-шараға қалалық ҚХА мүшелері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен ардагерлер қатысып, жыл бойы атқарылған жұмыстардың қорытындысы талқыланды.
Отырысты Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ Кентау қалалық филиалының басшысы Бахытжан Әшірбаев ашып, 2025 жылда атқарылған жұмыстарға шолу жасады. Ол өз баяндамасында филиалдың қоғамдық келісімді нығайту, этностар арасындағы достықты арттыру және азаматтық белсенділікті дамыту бағытында атқарған жұмыстарына тоқталды.
Кентау қалалық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әли Нұрымбетов «Ақпараттық-насихаттық топтың атқарған жұмыстары» туралы есеп берді. Ол кеңестің қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылаудағы, жастарды тәрбиелеудегі және дәстүрлі құндылықтарды насихаттаудағы рөлін атап өтті.
Аналар кеңесінің мүшесі, «Алау» орталығының меңгерушісі Раушан Өтебаева 2025 жылы бірлесе атқарылған жұмыстардың презентациясын ұсынды. Ол отбасылық құндылықтарды нығайту, әйелдердің құқықтарын қорғау және аналардың қоғамдағы белсенділігін арттыру бағытындағы жобалар мен бастамаларға тоқталды.
Сонымен қатар, отырыста әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының жұмысы да сөз болды. Аналар кеңесінің мүшесі, полиция аға лейтенанты Майра Құттыбаева 2025 жылы қалалық полиция бөлімінің аталған топтың атқарған жұмыстары туралы баяндама жасады. Ол әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және құрбандарға көмек көрсету бойынша жүргізілген шараларға тоқталды.
Іс-шараның соңында жыл бойы қоғамдық келісім мен бірлік бағытында белсенді еңбек еткен азаматтар марапатталды. Олар Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының, Кентау қаласы әкімінің және Кентау қалалық мәслихат төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Бұл отырыс Кентау қаласындағы ҚХА құрылымдарының жұмысын қорытындылап қана қоймай, алдағы уақыттағы мақсаттарды айқындауға мүмкіндік берді. Қатысушылар қоғамдық келісімді нығайту, этносаралық қатынастарды жақсарту және азаматтық қоғамды дамыту бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруға келісті. Әсіресе, жастармен жұмыс істеу, оларды патриоттық рухта тәрбиелеу және қоғамдық өмірге белсенді қатысуға ынталандыру мәселелеріне баса назар аударылды.
Отырыс барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта Кентау қаласындағы ҚХА құрылымдарының жұмыс жоспарын құруда ескерілетін болады. Қатысушылардың пікірінше, мұндай бірлескен отырыстар қоғамдық келісімді нығайтуға және өңірдің тұрақты дамуына ықпал етеді.
