Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде Қазақстан Республикасының «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні» кәсіби мерекесіне арналған дәстүрлі «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» фестивалі ұйымдастырылды. Бұл шара өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін кеңінен танытуға, ауыл шаруашылығы саласындағы үздік тәжірибелерді насихаттауға және аймақ өндірушілерін қолдауға бағытталды.
Фестиваль аясында өңдеу өнеркәсібінің көрмесі өткізілді. Көрмеде саладағы қазіргі жетістіктер, жаңа технологиялар және өңделген өнімдердің кең түрлері көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарын қолдауға арналған «Ауыл аманаты» жобасының табысты нәтижелері көрсетіліп, өңірдегі бірнеше бастама үлгі ретінде таныстырылды.
Көрме сөрелерінде сүт өнімдері, жұмыртқа, шұжық түрлері, балық өнімдері, бал өнімдері, өсімдік майлары, қызанақ және алма шырындары қойылып, өңдеу саласының әлеуеті кеңінен көрсетілді. Жалпы, көрмеде 300 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды, бұл өңірдің агроөнеркәсіптік саласының дамуы мен өнімділігінің айқын дәлелі болды.

Салтанатты іс-шара барысында ауыл шаруашылығы саласында жоғары нәтиже көрсеткен аудандар мен еңбек озаттарына арнайы марапаттар табыс етілді. Бұл марапаттар өңірдің аграрлық саласындағы табысты қызметкерлер мен ұйымдардың еңбегін бағалаудың және ынталандырудың маңызды көрінісі болды.
«AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» фестивалі өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен көлемін ұлғайтуға бағытталған маңызды шара ретінде есте қалды. Мұндай іс-шаралар ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп, өңірдің экономикалық өсіміне оң ықпал етеді.
