Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева ауыл мен қала мектептері арасындағы білім алшақтығын жою мәселелерін талқылады. Кездесуде «Qazaq Digital Mektebi» жобасын қаржыландыру және инвесторларды тарту тетіктері қаралды.
Жоба қыркүйек айында жеті облыста пилоттық режимде іске қосылады. Оған Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарындағы шағын жинақты мектептер кіреді. Қазір тұжырымдама бекітіліп, мектептердің техникалық жағдайы зерделенуде. Білім ошақтарын заманауи құрылғылармен және цифрлық инфрақұрылыммен жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр.
Бағдарламаның мақсаты – ауыл мектептері үшін оқытуды басқарудың ұлттық платформасын енгізу және оны бірегей цифрлық білім беру контентімен қамту. Бұл жоба ауыл балаларына бәсекеге қабілетті білім алуға мүмкіндік беріп, еліміздің адами капиталын дамытуға ықпал етеді.
