Сарыағаш ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын көтеру мақсатында инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Осы орайда аудан әкімі Арман Абдуллаев Ақжар ауылдық округіне барып, ауыз су жүйесі мен медициналық нысандардың құрылыс барысымен танысты. Басшы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен қарқынын бақылап, жауапты мамандар мен мердігер мекеме өкілдеріне жобаларды белгіленген талаптарға сай әрі мерзімінде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Қазіргі таңда Ақжар елді мекенінде ауыз су инфрақұрылымын дамыту бағытында суқойманы қоршау, диаметрі 110 және 160 миллиметр болатын ауыз су құбырларын тарту, сондай-ақ су құдықшаларын орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін жалпы ұзындығы 30 шақырымға жуық ауыз су құбыры тартылып, 150 дана су құдықшасы орнатылды. Жоба толық аяқталған кезде Ақжар ауылындағы шамамен 7 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұған дейін ескірген су құбырлары жоба аясында толығымен жаңартылады.
Сонымен қатар, ауданның Ақжар және Дихан баба елді мекендерінде жаңа медициналық нысандардың құрылысы жалғасуда. Қазіргі уақытта нысандарда кірпіш қалау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жобалар ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырып, алғашқы медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Аудан әкімі халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асуы басты назарда екенін атап өтті. Аталған нысандар пайдалануға берілгеннен кейін тұрғындардың таза ауыз суға қолжетімділігі артып, медициналық қызмет көрсету деңгейі одан әрі жақсара түседі деп күтілуде.
