Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде кең қанат жайған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Мақтаарал ауданында кезекті ауқымды жалпыхалықтық сенбілік өтті.
Қоршаған ортаны қорғау мен туған өлкенің санитарлық жағдайын жақсартуды көздеген бұл шараға мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері, жастар ұйымдарының өкілдері, белсенді еріктілер мен жергілікті тұрғындар біркісідей атсалысып, жоғары азаматтық белсенділік танытты.
Экологиялық игі шараның басты бағыты ретінде аудан аумағындағы стратегиялық маңызы бар және негізгі көлік дәліздерінің бірі саналатын «А-15» республикалық автомобиль жолының бойы таңдап алынды. Тазалық жұмыстарымен Азаттық ауылынан Атакент кентіне дейінгі, Атакент кентінен Мырзакент кентіне дейінгі және Атакенттен іргелес Жетісай ауданы бағытына қарай созылып жатқан магистральді жолдың бойындағы барлық негізгі учаскелер толықтай қамтылды.
Ауданның экологиялық ахуалын оңалтуға бағытталған бұл шараға жалпы саны 1700-ден астам адам қатысып, жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында 11 бірлік арнайы коммуналдық техника жұмылдырылды. Бірлескен жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 40 шақырымнан астам жол бойы тұрмыстық қалдықтардан толық тазартылып, шамамен 10 тоннаға жуық қоқыс арнайы белгіленген полигондарға шығарылды.
Тазалық жұмыстарымен қатар, жол жиектерін абаттандыру мен эстетикалық келбетін жақсарту мақсатында бұған дейін егілген жасыл желектер суғарылып, ағаштардың түптері әктелді, сондай-ақ жол бойындағы электр бағаналары да әктеліп, санитарлық талаптарға сай ретке келтірілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай шаралар тек тазалықты сақтаумен шектелмей, қоғамда жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаға деген жанашырлық пен жауапкершілікті арттыруға септігін тигізеді.
Мақтаарал ауданы әкімдігі бұл бағыттағы абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайтынын, алдағы уақытта да жүйелі әрі тұрақты түрде жалғаса беретінін хабарлады.
