АРЫС ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРМЕН ЖҮЗДЕСІП, ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың ауыл тұрғындарымен өткізіп жатқан дәстүрлі есептік кездесулері бұл жолы Қаражантақ және Саналы елді мекендерінде жалғасын тапты. Шаһар басшысының бұл сапары тек атқарылған жұмыстарды есеп берумен шектелмей, халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі түйткілдерді бетпе-бет тыңдап, ортақ шешім табуға бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.

Алғашқы аялдама жасаған Қаражантақ ауылында оң өзгерістер көзге бірден ұрады. Биыл тұрғындардың ұсынысы негізінде елді мекеннің кіреберіс жолына жаңа асфальт төселіп, ұзындығы 7 шақырымдық жолдың тозығы жеткен бөлігі толықтай реттелді. Бұдан бөлек, ауылдың орталық көшесі заманауи түнгі жарықтандыру шамдарымен қамтылып, өскелең ұрпақ үшін жаңа балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Дегенмен, жетістіктермен қатар шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Тұрғындар тарапынан жас буынның бос уақытын тиімді өткізуі үшін футбол алаңын салу және көгілдір отынның тартылу барысын жеделдету туралы өтініштер айтылды. Қала әкімі аталған бағыттағы жұмыстардың күн тәртібінен түспейтінін жеткізіп, жобалардың жүзеге асу мерзіміне тоқталды.

Саналы ауылындағы кездесу де ашық пікір алмасу форматында өтіп, мұндағы тұрғындарды толғандырған басты тақырыптар басқа арнаға ойысты. Ауыл халқы негізінен мал жаюға қажетті жайылым жердің тапшылығы мен егін суаруға қажетті ағынсу мәселесін көтерді. Тұрғындардың бұл үнін мұқият тыңдаған қала басшысы түйткілдерді жан-жақты зерделеп, заң талаптары аясында нақты шешу жолдарын қарастыруды өз орынбасары мен жауапты бөлім басшыларына қатаң тапсырды.

Жалпы кездесулер барысында ауылдарды абаттандыру, сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамту және тұрғындарға лайықты әлеуметтік жағдай жасау бағытындағы жұмыстардың қазына мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен жалғасатыны айқын аңғарылды. Жиын соңында ауыл тұрғындары билік өкілдерімен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік берген бұл бастамаға алғыстарын білдіріп, көтерілген мәселелердің оң шешімін табатынына сенім білдірді. Шалғай елді мекендердің әлеуетін арттыруға бағытталған осындай іскерлік сапарлар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар