Түркістан қаласында «Asyl MURA» волонтерлік әлеуметтік жобалар байқауының екінші кезеңі қорытындыланып, тартысты бәсекеде Созақ ауданының «Union Tur» командасы қарсылас шақ келтірмей, 1-орынды қанжығасына байлады.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған волонтерлік бастамаларды қолдау және дамыту. Сондай-ақ қайырымдылық, патриотизм, экологиялық мәдениет пен әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу арқылы белсенді әрі жанашыр жастардың қатарын қалыптастыру көзделді.
Байқаудың екінші кезеңіне облыстың аудан-қалаларынан 22 команда қатысып, өз әлеуеттерін сынады. Қатысушылар Hackathon форматында әзірлеген әлеуметтік жобаларын пысықтап, сарапшылардың ұсынымдары негізінде жетілдіру жұмыстарын жүргізді. Командалар өз жобаларының мақсат-міндеттерін нақтылап, іске асыру тетіктерін, әлеуметтік әсері мен тұрақтылығын жан-жақты талдап шықты. Өз кезегінде сала мамандары мен тәжірибелі сарапшылар қатысушылардың жұмыстарын әлеуметтік маңыздылығы, жаңашылдығы, іске асыру мүмкіндігі және тұрақтылығы өлшемдері бойынша бағалады.
Тартысты өткен сайыс қорытындысында жеңімпаздар ресми түрде жарияланды. Созақ ауданының «Union Tur» командасы үздік шығып 1-орынды иеленсе, жүлделі 2-орынды Төлеби ауданының «Tolebi Daryn» командасы еншіледі. Ал 3-орын Түркістан қаласының «Мұра сақшылары» командасына бұйырды. Жеңімпаз атанған командаларға арнайы алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
«Asyl MURA» байқауы өңірдегі жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, волонтерлік мәдениетті дамытуға және өңірдегі өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған тың бастамаларды қолдауда маңызды алаңға айналды. Созақтық жастардың бұл жетістігі өзге де өскелең ұрпаққа үлгі болып, ел болашағы үшін саналы да жауапты азамат болып қалыптасу жолындағы жарқын қадам ретінде бағаланды.
