Арыс қаласының 70 жылдығына орай«Алтын күз – 2026» мерекелік шарасы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы айтулы жетістіктерді қорытындылап қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлерін биік белеске көтерді. Орталық Әл-Фараби алаңындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен басталған бұл игі бастама қалалық Мәдениет үйінде жалғасып, еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосып жүрген жандардың қажырлы қайратын паш етті.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген қала әкімі Қайсар Маңқараев жерге дән сеуіп, төрт түлікті түлеткен шаруалардың ерен еңбегі әрқашан халық игілігіне қызмет ететінін ерекше атап өтті. Арыстың бүгінгі көркейген келбеті мен ортақ жетістігі – талай буынның маңдай терімен келген ұлы мұра екенін жеткізген басшы еңбеккерлердің жұмысына сәттілік тіледі.
Мерекелік шара барысында сүт өндірісі, жылыжай, балық, мал және егін шаруашылығы бағыттары бойынша үздік шыққан мамандар арнайы марапатқа ие болып, «Ауыл шаруашылығы озаты» төсбелгілері мен Алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ қаланың даму жолына елеулі үлес қосқан бірқатар ардагерлер мен азаматтарға 70 жылдық мерейтойға арналған төсбелгілер берілді. Қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов те сала өкілдеріне өз алғысын білдіріп, марапаттар табыстады.
Жиында мемлекеттік жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында шаруа қожалықтарына заманауи Dong Feng 904 тракторларының кілті беріліп, техникалық жарақаттанудың арта түскені байқалды.
Мерекелік концерт жергілікті өнерпаздардың рухты әндерімен жалғасып, қала тұрғындарына ерекше көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Осындай ауқымды шаралар халықтың жүрегіндегі шынайы патриотизм мен туған жерге деген терең отансүйгіштік сезімін одан әрі нығайта түсетіні анық. Себебі әрбір азаматтың өз кәсібіне адал қарауы мен ел болашағы үшін көрсететін жауапты қадамдары нағыз адал еңбек пен қажырлы істің жемісі болып табылады. Тәуелсіз еліміздің тірегіне айналған адал азаматтардың бастамасы қоғамды біріктіріп, зерделі ұлт қалыптастыру жолында салиқалы қадам жасауға жол ашады. Ортақ мүдде мен бірлікке негізделген осындай жауапты қоғам қалыптастыру арқылы ғана мемлекеттің жарқын болашағы баянды болмақ. Арыс қаласында өткен бұл шара елдік пен бірліктің, еңбек пен ерліктің үйлесім тапқан жарқын көрінісіне айналды.
