Шымкентте мемлекеттен пәтер алып беремін деп таныстарынан алдап ақша алатын жағдайлар әлі де тоқтамай тұр. Мысалы, «Н» есімді азаматша осындай жолмен баспана әперуге уәде беріп, танысының 4 миллион теңгесін алған. Үй де жоқ, ақша да жоқ. Қазір іс тергелуде.
Жалпы, алаяқтық Шымкентте ең жиі кездесетін қылмыстар қатарында тұр. Алаяқтық істерінің басым бөлігі – интернет алаяқтық.
Олардың негізгі түрлері:
- Тауарларды жарнамалап, сатып алушыларды алдау;
- Қаржы инвестициясы арқылы ақша көбейту уәделері;
- Банк қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлер ретінде жалған қоңыраулар;
- Несие рәсімдеу.
Шымкентте өткен аптада қалалық тергеу органдары 97 қылмыстық істі тіркеді, оның бесеуі сотқа жолданды. Жиі жасалатын қылмыстар қатарында алаяқтықтан бөлек ұрлық, есірткінің заңсыз айналымы және жол-көлік оқиғалары да бар.
Есірткі проблемасы да күннен күнге ушығып отыр. Интернет-дүкендердің кең таралуы жастарды есірткіге әуестендіріп, заңсыз саудаға итермелеп отыр. Мемлекет жастарға білім, спорт және кәсіппен айналысуға мүмкіндік беріп, жұмысқа орналасуға жағдай жасап жатыр.
Ұсталғандардың көпшілігі 18-30 жас аралығында, ал ересек жұмыссыз азаматтар да бар.
Жол-көлік оқиғалары да көбейіп келеді. Жүргізушілердің жылдамдықты арттыруы, телефонға назар аудармауы, жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзуы, кәмелетке толмағандардың скутер мен самокаттарды заңсыз басқаруы және мас күйінде көлік жүргізу – апаттардың негізгі себептері.
Сонымен қатар, қалта ұрлықтарының саны артты. Мысалы, 31 шілдеде қалалық бассейнде белгісіз адам азаматтардың қалтасынан ұялы телефондарды ұрлап кеткен.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек қала тұрғындары мемлекет тарапынан пәтер алғысы келсе, тек ресми мекемелерге жүгінуге кеңес беріп, жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды. Қала тұрғындарына жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауды, ата-аналарға балаларының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды ескертті. Сонымен қатар, базарлар мен қоғамдық орындарда, мерекелік іс-шараларда бағалы заттарына абай болуды жеткізді.
