УЛЫ ГАЗДЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Соңғы кездері өрт қаупінің артуы, газбен улану және басқа да төтенше жағдайлардың орын алуы қоғамда алаңдаушылық тудыруда. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов өңір басшыларына өрттерді, газбен улануды және басқа да қауіпті жағдайларды болдырмау, сондай-ақ халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау бағытында бірқатар өзекті тапсырмалар жүктеді.

Бұл тапсырмалар аясында Кентау қаласында да қауіпсіздікті арттыру мақсатында белсенді жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Кентау қаласы Төтенше жағдайлар бөлімінің ұйымдастыруымен Хантағы және Байылдыр ауылдарында тұрғындарға арналған түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл маңызды іс-шараға қала әкімдігі, Жастар ресурстық орталығының белсенді еріктілері, қалалық газ мекемесі, қалалық электр желісі қызметкерлері және ауыл әкімдіктерінің мамандары бірлесе атсалысты.

Түсіндіру жұмыстары барысында тұрғындарға өрт қауіпсіздігінің маңыздылығы, әсіресе қатты отынмен жылытылатын тұрғын үйлерде көмірқышқыл газынан уланудың алдын алу шаралары туралы кеңінен ақпарат берілді. Пештерді дұрыс пайдалану, желдету талаптарын қатаң сақтау және жалпы қауіпсіздік ережелерін мүлтіксіз орындаудың маңызы ерекше атап өтілді. Тұрғындарға өрт шыққан жағдайда не істеу керектігі, жедел жәрдем мен төтенше жағдайлар қызметтеріне қалай хабарласу керектігі туралы да нақты нұсқаулар берілді.

Мұндай профилактикалық жұмыстардың мақсаты – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу. Тұрғындардың өрт қауіпсіздігі туралы білімін арттыру, олардың жауапкершілігін сезінуіне ықпал ету – бұл алдағы уақытта да жалғасатын маңызды міндет. Премьер-министрдің тапсырмасы аясында атқарылып жатқан бұл жұмыстар, еліміздегі әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған мемлекеттік саясаттың бір көрінісі болып табылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар