Арыс қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру бағытындағы рейдтік және профилактикалық іс-шаралар қарқынды түрде жалғасуда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бұл игі іс-шаралар аясында бүгін қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы жұмысшы топ орталық базар аумағында кезекті тексеру жұмыстарын жүргізді.
Базар әкімшілігімен бірлесіп ұйымдастырылған іс-шара барысында кәсіпкерлік нысандарының иелеріне санитарлық тазалық талаптарын сақтаудың маңыздылығы бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Рейд барысында кәсіпкерлерге өздеріне тиесілі аумақтың тазалығын тұрақты қамтамасыз ету, ғимараттардың қасбеттерін талапқа сай ұстау және рұқсат етілмеген заңсыз сауда орындарын болдырмау қажеттігі қатаң ескертілді. Сондай-ақ, абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, әкімшілік жауапкершілік қарастырылып, айыппұл салынатыны жөнінде хабардар етілді.
Қаланың тазалығын сақтауға бағытталған мұндай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

