БАЛАЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА

Жазғы маусымның қызығы мен мазмұнды өтуі өскелең ұрпақтың денсаулығы мен жан-жақты дамуы үшін айрықша маңызға ие. Осы орайда, балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру, олардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету және сауықтыру орталықтарының жұмысын жіті зерделеу мақсатында Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков Мақтаарал ауылдық округінде орналасқан «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметіне арнайы мониторинг жүргізді.

Іссапар барысында орталықтың балаларды қабылдау және шығарып салуға дайындығы, күнделікті жұмыс тәртібі, санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталуы, тамақтандыру сапасы, медициналық қызмет көрсету деңгейі және балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған қауіпсіздік шаралары жан-жақты қарастырылды.

Бүгінгі таңда аталмыш орталықтың бесінші ауысымында екі жүзге жуық бала демалып жатыр. Олар биылғы жылдың 24 шілдесінде өздерінің жазғы сауықтыру бағдарламасын аяқтайтын болады. Жалпы есеппен алғанда, биыл бұл орталықта бес бірдей ауысым ұйымдастырылып, мыңнан астам баланың жазғы демалысын тиімді өткізуіне және жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасалды.

Мониторинг барысында аудан әкімінің орынбасары балалармен еркін форматта әңгімелесіп, олардың демалысқа қатысты өз ойлары, пікірлері мен ұсыныстарын ықыласпен тыңдады. Сонымен қатар, тәрбиеленушілердің шығармашылық жұмыстарымен, қолөнер бұйымдарымен, сурет көрмелерімен және түрлі үйірмелерде қол жеткізген жетістіктерімен жіті танысты. Орталықта балалардың бос уақытын тиімді әрі қызықты ұйымдастыруға арналған мәдени-танымдық, спорттық және шығармашылық іс-шаралардың жүйелі түрде өткізіліп жатқаны ерекше атап өтілді.

Бижан Шералыұлы сапар барысында қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударып, жатын орындардың талапқа сәйкестігін, тазалығы мен жайлылығын, тәулік бойғы күзет пен бейнебақылау жүйесінің жұмысын, өрт қауіпсіздігі ережелерінің орындалуын, ауызсудың сапасын, санитариялық тазалықты және медициналық қызметтің толық қолжетімділігін жан-жақты тексерді. Бұдан бөлек, асхананың жұмысы да қатаң зерделенуден өтті. Балаларға ұсынылатын күнделікті ас мәзірінің белгіленген талаптарға сай келуі, тағамдардың сапасы мен құнарлылығы, азық-түліктің сақталу жағдайы және санитариялық нормалардың қатаң сақталуы назарға алынды. Медициналық пункттің дайындығы, алғашқы көмек көрсету мүмкіндігі және балалардың денсаулығына тұрақты түрде бақылау жүргізу шаралары да бақылаудан тыс қалған жоқ.

Жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша аудан әкімінің орынбасары жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулығын қорғау және сапалы демалысын ұйымдастыру жұмыстары әрдайым тұрақты бақылауда болатынын қадап айтты. Сондай-ақ, орталық ұжымына қолданыстағы талаптарды қатаң сақтай отырып, балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалысын қамтамасыз ету бағытында нақты ұсыныстар беріліп, тиісті сала мамандарына арнайы тапсырмалар жүктелді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар