БӘЙДІБЕК АУДАНЫ – «ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ» ФЕСТИВАЛІНІҢ ЖАРҚЫН ЖЕҢІМПАЗЫ!

Түркістан қаласының облыс орталығы ретіндегі жеті жылдық мерейтойы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен берілген ерекше мәртебесін атап өту мақсатында ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі айтулы жеңіспен қорытындыланды. Бұл ауқымды шарада Бәйдібек ауданының өнерпаздары өздерінің терең тамырлы мәдениетімен, ерекше таланттарымен және шығармашылық ізденістерімен көрермендер мен қазылар алқасын таң қалдырып, Бас жүлдені иеленді. Бұл жеңіс Түркістанның тарихи маңызы мен мәдени байлығын дәріптеу жолындағы елеулі қадам болды.

Фестиваль ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді дамыту, халық шығармашылығын жаңаша бағытта жандандыру, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру және Түркістанның мәдени-туристік әлеуетін дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

Салтанатты марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, жеңімпаз және жүлдегер аудан, қала өнер ұжымдарын құттықтап, марапаттады.

«Биыл Түркістанның облыс орталығы атанғанына жеті жыл. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Түркістанға ерекше мәртебе берілді. Бұл – біздің өңірге жүктелген мәртебелі міндет әрі жоғары жауапкершілікті талап ететін бастама болып отыр. Игілікті істердің жүзеге асуына мәдениет мамандарының да қосар үлес зор болмақ. Түркістанның туристтік әлеуетін арттыру, өңірдегі шығармашылық иелеріне қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше тарту болды», – деді Ертай Кенжебекұлы өз сөзінде.

Фестивальге қатысқан аудандық, қалалық ұжымдар арасында Бәйдібек ауданының өнерпаздары өздерінің терең тамырлы мәдениетімен, ерекше таланттарымен және шығармашылық ізденістерімен көрермендер мен қазылар алқасын таң қалдырды. Олардың орындауындағы әндер, билер, аспапта ойнау шеберлігі, сахналық қойылымдар ұлттық дәстүрлерді жаңаша қырынан көрсетіп, халықтың рухани байлығын паш етті.

Бәйдібек ауданының Бас жүлдені жеңіп алуы – бұл тек бір ауданның ғана емес, жалпы өңірдің мәдени жетістігі. Бұл жеңіс Түркістанның рухани астана ретіндегі рөлін нығайтып, мәдени мұрамызды сақтау мен дамыту жолындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. «Өнерлі өлке» фестивалінің табысты өтуі, Түркістанның ерекше мәртебесін тойлаудағы маңызды қадам болып қала бермек.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар