Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған Даму жоспарының екінші бағыты – өмір сүру үшін қолайлы орта құру және елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту – аймақтың әлеуметтік-экономикалық өрлеуінің негізгі тірегі болып табылады. Бұл бағыт аясында Түркістан қаласында тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асырылуда. Соның ішінде орталықтандырылған сарқынды су жүйесіне қосу жұмыстары ерекше маңызға ие.
Қала әкімдігінің белсенді ұйымдастыруымен биыл Түркістан қаласында жалпы 13 нысанда құрылыс жұмыстары басталып, оның 8-і абоненттік және магистральдық желілерге қосылды. Бұл көрсеткіш қаланың инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртудағы айтарлықтай жетістік болып табылады. Қалған 5 жобада магистральдық желілерді тарту жұмыстары белсенді жүргізілуде, бұл болашақта қаланың одан әрі дамуына және жаңа аумақтарды қамтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда кәріз жүйесін орнату жұмыстары Сауран, Шауғар, Яссы секторларында, сондай-ақ Отырар және Бекзат тұрғын алаптары мен Баянауыл мөлтек ауданында қарқынды жүргізілуде. Бұл аумақтардағы жұмыстардың ауқымы кең, оларға Сарыбаев, Ынтымақ, Ы.Дүйсебаев, М.Төлебаев, Н.Оңдасын, Асанов, Мәдениет, Ойсыл Қара, Б.Ахметов, М.Ғабдуллин, Қарағайлы және Қалғансыр көшелері кіреді. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы аталған аудандардағы тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын жақсартып, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тапсырмасына сәйкес, барлық сарқынды су желісі жүргізілген көшелерде ауа райының әсерінен туындауы мүмкін қолайсыздықтардың алдын алу мақсатында уақытша қайта қалпына келтіру үшін тас төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар алдағы төрт күнде толық аяқталады деп жоспарлануда. Бұл шаралар құрылыс кезінде туындаған уақытша қолайсыздықтарды барынша азайтуға және тұрғындардың күнделікті өміріне тигізетін әсерін ескеруге бағытталған.
Сарқынды су желісін жүргізу барысында кей көшелерде қазба жұмыстары жүргізіліп, шектеулер орнатылып, уақытша қолайсыздықтар туындауы мүмкін екенін қала билігі түсінеді. Осыған байланысты, қала тұрғындарынан түсіністікпен қарап, сабырлық танытуды сұрайды. Құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін барлық жол инфрақұрылымы толық қалпына келтіріліп, асфальт төселетініне сендіреді. Бұл инвестициялар қаланың болашағына, тұрғындардың жайлы өміріне және жалпы өңірдің дамуына бағытталған маңызды қадам болып табылады. Түркістан қаласының инфрақұрылымын дамыту жолындағы бұл серпін, облыстың 2021-2025 жылдарға арналған Даму жоспарының екінші бағытын іске асырудағы елеулі жетістіктердің бірі болып саналады.
