Бүгінгі таңда елімізде азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, оларды тұрақты табыс көзімен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында еңбек нарығындағы теңгерімсіздікті жою және халықты жұмыспен қамтудың жаңа тетіктерін әзірлеу мәселесіне ерекше тоқталып келеді. Президент өз сөзінде: «Біздің басты мақсатымыз – азаматтарға лайықты жұмыс пен табыс табуға мүмкіндік беру. Мемлекет әрбір азаматтың өз әлеуетін ашып, еңбек арқылы бақуатты өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасауы тиіс», – деп атап өткен болатын. Осы бағыттағы нақты қадамдар бүгін Кентау қаласында да өз жалғасын тапты.
Кентау қалалық Мансап орталығында ұйымдастырылған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі бұл жолы ерекше форматта өтті. Бекітілген жоспардан тыс өткізілген бұл шараның негізгі мақсаты – қоғамның қолдауына мұқтаж және әлеуметтік жағынан осал топтарға жұмысқа орналасуға көмектесу болды. Алимент төлеушілер, пробация бақылауындағы азаматтар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған жандар және мүгедектігі бар тұрғындарды еңбек нарығына бейімдеу – бүгінгі жәрмеңкенің басты ерекшелігі.
Қала әкімі Жандос Тасовтың тапсырмасымен өңірдегі жұмыссыздықты азайту және әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандарды қоғамға бейімдеу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жандос Тасов өз жұмысында әлеуметтік осал топтармен кері байланыс орнатуды, олардың біліктілігіне қарай жұмыс орындарын ұсынуды негізгі басымдық ретінде белгілеген. Қала басшысының бастамасымен атқарылып жатқан бұл шаралар, бір жағынан, азаматтардың әлеуметтік шиеленісін бәсеңдетсе, екінші жағынан, олардың өз күшіне сенім артып, қоғамдағы өз орнын табуына септігін тигізеді.
Мемлекет басшысының «Жұмыспен қамту – адамның әлеуметтік тұрақтылығының негізі» деген қағидасын басшылыққа алған Кентау қаласының әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жалғастырмақ. Қала бойынша бос жұмыс орындарының дерекқорын жаңартып, жұмыс берушілер мен ізденушілер арасындағы тікелей диалогты күшейту – жергілікті биліктің күн тәртібіндегі басты мәселе. Осылайша, арнайы санаттағы азаматтарды еңбекпен қамту арқылы қаладағы әлеуметтік ахуалды жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын көтеру көзделген.
