Елімізде денсаулық сақтау саласы, соның ішінде МӘМС жүйесі цифрландыруға көшірілуде. «Saqtandyrý» ақпараттық жүйесіндегі «Медициналық көмекті төлеудің бірыңғай жүйесі», «Медициналық көмек сапасын мониторингтеу» модулі енгізілді. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қалалық филиалы директорының міндетін атқарушы Шалхар Шеримов кеңінен түсіндірді.
Шалхар Шәкімұлының айтуынша, бұл бастама денсаулық сақтау саласындағы ашықтықты арттырып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы мен әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған.
– Жүйенің басты ерекшелігі –медициналық көмек көрсету ақауларын анықтаудың автоматтандырылған жүйелері және жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдану. Бұл – адам факторын азайтып, шешім қабылдауда әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ететін маңызды қадам. Белгілі бір өңірде медициналық көмек сапасына жүргізілетін мониторинг бойынша анықталған ақаулар мен қызмет жеткізушілердің қарсылықтарын басқа облыстар мен қалалардың бейтарап сарапшылары қарайды, яғни экстерриториялық қағида енгізілді. Сонымен қатар, жүйеде үш деңгейлі апелляция қарастырылған. Бұл медициналық ұйымдарға өз ұстанымын қорғауға мүмкіндік береді.
Медициналық ұйымдар анықталған ақауларға тікелей цифрлық жүйе арқылы қарсылық білдіре алады. Қарсылық туралы ақпарат дәлелді құжаттармен бірге жүйеде автоматты түрде сарапшыларға жолданады, – деп түсіндірді Шалхар Шәкімұлы.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық ұйымдардың қызметін сапалы әрі жауапкершілікпен орындауын қадағалайды. Биылғы алғашқы жартыжылдықта Шымкент қаласындағы медициналық мекемелерде 200 мыңға жуық ақау анықталды. Қызмет сапасын жақсарту мақсатында 700 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар, осы кезеңде 300-ден астам арыз-шағым түскен. Олардың көпшілігі қызмет сапасына, дәрі-дәрмектің кешіктірілуіне қатысты болды. Бұл бағыттағы мониторинг тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Ал, «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» 2026 жылдан бастап енгізіледі. Бұрын мұндай көмек тек АИТВ мен туберкулез бойынша ғана ұсынылатын. Бұдан былай онкологиялық ауруларға арналған скринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін тегін болады. Яғни 2026 жылдан бастап 8 әлеуметтік мәні бар ауруға күдік туындаған жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек үшін де сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін көрсетіледі.
