Мақтаарал ауданы прокуратурасының үйлестіруімен, «Құқықтық дәріхана» жобасы шеңберінде борышкерлер мен талапкерлерге құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ауқымды іс-шараға полиция қызметкерлері, жеке сот орындаушылары және Мансап орталығының мамандары қатысып, азаматтарға құқықтық көмек көрсетті.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елде құқықтық мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың заңды mүдделерін қорғау жөніндегі тапсырмаларына толық үндеседі. Сонымен қатар, аталған шара республика көлемінде жүріп жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың сауаттылығын арттыру бағытындағы маңызды қадам болып табылады.
Кездесу барысында қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – алимент төлеуден жалтарудың құқықтық салдары мен жауапкершілігі жан-жақты талқыланды. Мамандар қатысушыларға сот актілерін орындаудың тікелей міндет екенін және азаматтардың заң алдындағы құқықтары мен міндеттерін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
«Мемлекеттің ең басты құндылығы – адам және оның құқықтары. Бұл ретте баланың құқығы мен заңды мүддесі әрқашан бірінші орында тұруы тиіс», — деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Шара аясында тек құқықтық кеңес беріліп қана қоймай, борышкерлердің қарызын өтеуге жағдай жасау мәселесі де қаралды. Мәселен, «Мансап орталығының» мамандары тұрақты табысы жоқ азаматтарға бос жұмыс орындарын ұсынып, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін түсіндірді.
«Заң мен тәртіп» қағидатын ту еткен бұл бастама алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ. Аудан прокуратурасы мен заң құрылымдарының үйлесімді жұмысы азаматтардың құқықтық жауапкершілігін арттырып, әлеуметтік мәселелердің заң шеңберінде әділ шешілуіне септігін тигізеді.
