Ордабасы ауданында жергілікті кәсіпкерлік қарқын алып, жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Соның жарқын мысалы ретінде Бадам елді мекенінде кәсіпкер Бақытжан Шаяхметұлының бастамасымен іске қосылған «Tau Urbanic» кәсіпорнының ашылуын атап өтуге болады. Бұл жаңа өндіріс орны жақында ғана өз жұмысын бастап, қазірдің өзінде 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
«Tau Urbanic» кәсіпорны мәрмәр үгіндісінен жасалатын заманауи сәулеттік бұйымдарды өндіруге маманданған. Мұнда аллеялар мен саябақтарға, гүлзарларға арналған орындықтар, қоқыс жәшіктері, гүлдерге арналған құмыралар және басқа да абаттандыруға қажетті бұйымдар дайындалады. Бұл өнімдер қаламыздың көркеюіне, қоғамдық орындардың жайлылығы мен эстетикалық тартымдылығын арттыруға бағытталған.


Кәсіпорынның ерекшелігі – тек өнім өндірумен шектелмей, оны орнату жұмыстарын да толықтай жүзеге асыруында. Бұл тұтынушылар үшін ыңғайлылық тудырып, жобаларды кешенді түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аталған сәулеттік бұйымдар әкімшілік ғимараттарының, қоғамдық орындардың және демалыс аймақтарының көркін арттырып, оларға ерекше сән береді деп күтілуде.
«Tau Urbanic» кәсіпорнының ашылуы Ордабасы ауданындағы кәсіпкерлік белсенділіктің артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, жергілікті экономиканы дамытуға, абаттандыру саласына жаңаша серпін беруге ықпал етеді. Мәрмәрден жасалған сәулеттік бұйымдардың сапасы мен заманауи дизайны аймақтың келбетін жақсартуға үлес қосатыны сөзсіз.
