«SHYMKENT HUB»: «DIGITAL SANA: ЦИФРЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ» ФОРУМЫ ӨТТІ

Бүгінде өмірдің барлық дерлік саласы цифрлық технологиялармен байланысты: біз интернетте сауда жасаймыз, телефондағы қосымшалар арқылы қызметтерге тапсырыс береміз, әлеуметтік желілерде сөйлесеміз, анықтамаларды онлайн аламыз, корпоративтік қосымшада демалыс рәсімдейміз. Бірақ ыңғайлылықпен бірге тәуекелдер де өсуде: алаяқтар барған сайын қулыққа барады, ал жеткілікті білімі мен дағдысы жоқ адамдар олардың құрбанына айналады. Яғни бүгінгі цифрландыру мен жасанды интеллектінің дамуы қоғамға үлкен мүмкіндіктер сыйлағанымен, жаңа қауіптерді де тудырып отыр.  Осы өзекті мәселелер бүгін Шымкент қаласында «Shymkent Hub» орталығында өткен «DIGITAL Sana: Цифрлық сауаттылық» форумында талқыланды.

Жиынға IT мамандар мен болашақ технологиялардың сенімді пайдаланушылары болу үшін цифрлық дағдыларын дамытқысы келетін жастар қатысты.

Форумда цифрлық сауаттылықты IT-Pro деңгейіне шығару,  өмір мен жұмысты жеңілдететін заманауи құралдар мен қызметтер және цифрлық ортадағы киберқауіпсіздік және жеке деректерді қорғау мәселелері туралы айтылды. Сонымен қатар, спикерлер Бейбарыс Өмірзақов пен Самал Райымжан қандай digital-дағдылар IT және бизнесте мансап құруға көмектесетінін,  технологияларды қолданудың нақты жағдайларын түсіндірді.

– Қазір әрбір азамат банк картасын пайдаланады, интернет арқылы сауда жасайды, түрлі қосымшаларға жеке мәліметтерін енгізеді. Осындай кезде қауіпсіздікті сақтамау үлкен шығынға әкелуі мүмкін. Қазір тіпті чат GPT кеңістігіне жеке мәліметтерді жіберу немесе мекеме құжаттарын жіберіп, бір шешім табу белең алып барады. Бұл өте қауіпті. Сондықтан цифрлық сауаттылықты арттыру – тек ІТ мамандардың емес, бүкіл халықтың міндеті болуы тиіс, – дейді хабтың резиденті Самал Райымжан.

Жалпы, цифрлық сауаттылық тек компьютер немесе смартфонды пайдалана білу емес. Бұл — цифрлық қоғамда қауіпсіз әрі тиімді өмір сүруге көмектесетін білім мен әдеттердің тұтас жиынтығы. Форумда деректерді қорғау, күрделі құпиясөздерді пайдалану, фишинг пен жалған сайттарды ажырата білу, шынайы ақпаратты фейктен ажырату;  онлайн-банкинг пен электронды төлемдердің қауіпсіздік ережелерін білу; жеке деректер құпиялылығы: әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде құпиялылық параметрлерін басқаруды түсіну; технологияны саналы пайдалану: онлайн уақытты бақылау, цифрлық тәуелділіктен аулақ болу туралы кеғңнен түсіндірілді.

Форум барысында жас мамандар жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа қатерлерге қарсы тұрудың жолдарын ұсынып, азаматтарды киберқауіпсіздікті күшейтуге шақырды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар