Түркістан қаласында 18 қазан – Рухани келісім күніне орай қоғамдық бірлікті нығайтуға, конфессияаралық татулықты дәріптеуге және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған экологиялық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «Руханият» саябағында ағаш отырғызу шарасы өтті. Оған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, діни конфессия өкілдері мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.
Шара барысында қатысушылар саябақ аумағына ағаш көшеттерін отырғызып, қаланы көгалдандыруға үлес қосты. Экологиялық бастама қоршаған ортаны қорғаумен қатар, қоғамдағы ынтымақ пен ортақ жауапкершілікті нығайтуды көздейді.
Сонымен қатар «Аманбай» спорттық-сауықтыру кешенінде діни конфессия өкілдері мен өңірдегі діни саладағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге атсалысып жүрген мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылды.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Спорттық шаралардың негізгі мақсаты – түрлі конфессия өкілдері мен мемлекеттік органдар қызметкерлері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, өзара түсіністік пен командалық рухты қалыптастыру, сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту.
Рухани келісім күні аясында өткен бұл бастамалар мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, конфессияаралық татулықты бекемдеуге және қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған.

