Қазығұрт ауданының мәдени өмірі әрқашан өзінің байлығымен, талантты жастарымен және өнерпаз ұжымдарымен ерекшеленеді. Ауданның өнер айдынында жарқырап көрініп жүрген шоқжұлдыздардың бірі — «Балауса» балалар би ансамблі. Бұл ұжым тек аудан көлемінде ғана емес, облыстық, республикалық және халықаралық байқауларда топ жарып, қазақ өнерін әлемге паш етіп жүрген өнер мен шеберліктің ұштасқан үлгісі, облысымыздың мақтанышы.
Тек сахнада ғана емес, халықтың жүрегінде де ерекше орын алып үлгерген би тобы 2000 жылы Қазығұрт аудандық мәдениет үйі жанынан би үйірмесі негізінде «Эластик» би тобы болып құрылған. Бастапқы кезеңде ізденістің, шығармашылықтың арқасында көптеген байқауларға қатысып, топтағы өнерлі қыздардың би өнерін үйренуге деген қызығушылығы жыл сайын артты.
Шығармашылық ізденістің арқасында ұжым 2003 жылы «V Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауына «Молдабай» және «Украин» билерімен қатысып, үшінші орынмен марапатталды. Одан кейін жыл сайын осы байқаудың сахнасында өнер көрсете бастаған ұжым, 2005 жылы «VІІ Бозторғай» байқауында жүлделі бірінші орынды иеленіп, халықаралық байқауға жолдама алды. Жылдар өте келе топқа кішкентай бүлдіршіндер қабылданып, «Балдырған» даярлық тобы құрылды. Өнер ұжымының ең үлкен белестерінің бірі 2011 жылы халықтық атаққа ұсынылып, 2012 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен «халықтық» атақ алуы болды. Ал 2016 жылы бұл мәртебелі атақты қайта қорғап, аттестациядан сәтті өтті.
Осы жылдар аралығында ұжымның жетістіктері толассыз жалғасты. Атап айтқанда, 2020 жылы «Жыл би ұжымы» атағын иеленді. Сол жылы желтоқсан айының басында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіз елдің жұлдыздары» атты есепті концерттік бағдарламасын көрермендерге ұсынды. Одан кейін, 2024 жылы Түркияда өткен халықаралық «Istanbul autumn festival» сайысында жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлады. Сонымен қатар Бішкекте өткен халықаралық «Алтын жұлдыз» байқауында және Ташкент қаласында өткен «Daryndy zhuldyzdar» халықаралық байқауында бас жүлдені иеленді. Республикалық «Jauqazyn» және «Zhana zhuldyz» байқауларында да бас жүлдені еншіледі.
Осындай қажырлы еңбек пен табандылықтың нәтижесінде Түркістан облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің республикалық фестивалінде өнер көрсеткені үшін алғыс хатымен және басқа да марапаттармен марапатталды. Мерекелерге орай ұйымдастырылатын облыстық «Oner fest» ашық өнер фестивальдерінде де 37 топтың ішінен оза шауып, жүлделі орындарды иеленді.
Қазіргі таңда ұжымда үлкен топ, орта топ, кіші топ және кішкентай бүлдіршіндерден жасақталған даярлық тобын қоса есептегенде 120-дан астам жас биші өнер көрсетеді. Топқа тәжірибелі жетекшілер Ақмарал Пернебаева, балетмейстер және хореограф Таңшолпан Құдабаева жетекшілік етіп, жас таланттардың шеберлігін шыңдауға айтарлықтай үлес қосып келеді.
Ансамбльдің репертуары өте бай әрі әралуан. Олар ұлттық билермен қатар әлем халықтарының билерін де жоғары деңгейде орындайды. Мәселен, «Шаттық», «Кесе», «Құрбылар», «Шашу» сынды қазақ билерін, «Испан», «Үнді», «Өзбек» билерін және заманауи бағыттағы «16 шотс», «Флешмоб», «Тик-Ток» қойылымдарын көрсетті. Сонымен қатар, ең кіші даярлық би тобы «Қуыршақтар» мен «Мысықтар» билерін көрерменге сәтті ұсынды.

Би өнерінің құдіреттілігі сондай, онымен айналысқан адам көптеген дерттің алдын алып, бойындағы үрейден арылып, ми жұмысы мен ойлау қабілетін жақсартады, сондай-ақ топта жұмыс істеу дағдысын қалыптастырады. Кез келген биші — өз-өзіне сенімді, өзгені жатырқамайтын, жаңа ортамен тіл табыса алатын қабілетке ие тұлға. «Балауса» би тобының сан түрлі байқауларда биік шыңдардан көрінуінің басты сыры — ұжымда қалыптасқан темірдей тәртіп пен өнерге деген шынайы сүйіспеншілік. Би арқылы мәдени мұраны жаңғыртып, рухани құндылықтарды дәріптеп келе жатқан бұл өнерлі ұжым алдағы уақытта да өз көрермендерін жаңа қойылымдарымен қуанта берері анық.
