«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП»: ЖАҢА БІЛІМ ОРДАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Қазақстан Республикасының Президенті бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске қосылғаны белгілі. Бұл ауқымды жоба үш жылға жоспарланған және оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасауды көздейді. Жоба аясында алдағы үш жылда елімізде 401 жаңа мектеп салу жоспарланса, Түркістан облысы бұл бағытта ерекше белсенділік танытуда. Облыста 63 жаңа мектеп салу қарастырылған, соның бірі – Бәйдібек ауданының орталығы Шаян елдімекенінде бой көтеріп жатқан 300 орынды мектеп.
Бүгінгі таңда аталған нысандағы құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Мектептің ішкі жұмыстары да мәресіне жетіп, қажетті техникалық жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Бұл жаңа білім ордасы заманауи талаптарға сай, оқушылардың ыңғайлылығы мен қауіпсіздігін ескере отырып салынды. Жарық, жылы және жайлы сынып бөлмелері, арнайы жабдықталған зертханалар, спорт залдары мен кітапхана – мұның бәрі оқушылардың білім алу процесін тиімді әрі қызықты ететін болады.
Білім ордасының құрылысын мердігер «Тамыз Құрылыс ББК» ЖШС жүргізіп жатыр. Тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ.
2,847 га аумақты құрайтын мектептің құрылыс жұмыстары 2023 жылдың тамыз айында басталған.

Мұнда қажетті оқу жабдықтарымен, түрлі пәндік кабинеттермен, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен, балаларға арналған жеке шкафтармен және т.б. толық жабдықталуда.
Аудандағы «Жайлы мектеп» жобасы толығымен жүзеге асқан жағдайда жаңа форматтағы мектептегі оқушылардың білім алуына толық мүмкіндік жасалып, білім сапасы артады деп жоспарлануда.
Құрылыс жұмыстарының аяқталуымен қатар, мектептің айналасын абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Жасыл желектер отырғызылып, ойын алаңдары жасалып, оқушылардың демалыс уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалуда. Бұл жұмыстардың барлығы мектептің тек білім беретін орта ғана емес, сонымен қатар оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін толыққанды инфрақұрылымға айналуын қамтамасыз етеді.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жүзеге асуы – еліміздің білім саласын дамытудағы маңызды қадам. Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданында салынып жатқан бұл жаңа мектеп, жергілікті оқушыларға сапалы білім алуға және өздерінің әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беретін жаңа мүмкіндіктер есігін ашады. Бұл жобаның сәтті жүзеге асуы, болашақ ұрпақтың білімді, бәсекеге қабілетті азамат болып қалыптасуына зор үлес қосатыны сөзсіз.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар