С.ҚҰРАНБЕК: «ӘЛЕУМЕТТІК ӘМИЯН» БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫН ТИІМДІ ЖҰМСАУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

Шымкентте мектеп оқушыларын жеңілдікпен тамақтандырудың жаңа жүйесі іске қосылды. Енді мемлекеттік мектеп асханаларында жеңілдікпен тамақтану үшін «Әлеуметтік әмиян» цифрлық ваучерін пайдалануға  болады. Бұл қызмет түрі  eGov Mobile мобильді қосымшасында пайда болды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек Өңірлік комминикациялар  қызметінде өткен брифингте егжей-тегжейлі түсіндірді.

Жоба ата-аналарға қызметті проактивті түрде алуға, балаларының мектеп асханаларына баруын бақылауға және жеңілдікпен тамақтану үшін цифрлық ваучерлерді пайдалануға мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта тамақтандыруды есепке алу және тіркеу жүйелері қаладағы барлық мемлекеттік мектептерде жұмыс істейді. Жобаны кеңейту үшін мектептерді тамақтандыруды есепке алу мен тіркеу жүйелерімен қамтамасыз ету және оларды «Әлеуметтік әмиян» жүйесімен интеграциялау жұмыстары жүргізілді. Балаларды әлеуметтік қолдау мақсатында 132 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды», —  деп хабарлады ресми өкіл.

Мегаполисте жаңа оқу жылынан бастап мектепте тегін тамақтану бағдарламасы кеңейтілген. Енді бастауыш сынып оқушылары ғана емес, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 5-11 сынып оқушылары да ыстық түскі аспен қамтамасыз етілді.

Айта кетейік, Шымкент  2022 жылдан бастап мемлекеттік қана емес,  жекеменшік мектептерде оқитын тұрмысы төмен отбасылардың бастауышта оқитын балаларына қаржылай көмек көрсеткен бірден-бір өңір болды.

Қалада бастауыш сыныптарда 100 425 оқушы оқиды, оның ішінде 74 167-сі мемлекеттік мектептерде оқиды. Қалғандары жеке оқу орындарына барады. Сонымен қатар, 5-11 сыныптарда оқитын әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 31 967 оқушы мемлекет есебінен тегін тамақтануға құқығы бар балалардың тізіміне енгізілді.

Бастауыш сынып оқушыларына берілетін мектептегі тегін тамаққа қала бюджетінен 9,9   миллиард теңге бөлінген.  Оның 7,3 млрд теңгесі  мемлекеттік мектептерде оқитын  74 167 балаға тиесілі. Әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың мемлекеттік мектептерде оқитын 5-11 сыныптардағы балалары үшін 3,5 млрд теңге қаралған.

Ал,  жекеменшік мектептерде 1-11 сынып аралығында 26 258 оқушы оқиды. Мұндағы бастауыш сынып оқушылары мен 5-11 сынып оқушыларына ыстық тамаққа бюджеттен бөлінген қаржы 2, 6 миллиард теңгені құрайды.

Шымкентте бір реттік тамақтану нормасының калькуляцияциясына сәйкес бір баланың тамақтану бағасы  677 теңге болып белгіленді.

— «Әлеуметтік әмиян» жобасы тегін тамақпен қамтамасыз етуді қадағалауға, тіркеуді алып тастауға және бюджет қаражатын тиімді жұмсауға мүмкіндік береді, — деді Сәрсен Құранбек.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар