Шымкентте Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті CAREC институтының (Орталық Азиядағы аймақтық экономикалық ынтымақтастық орталығы) беделді грантын иеленді. Бұл жеңіс өңірдегі инклюзивті және цифрлық білім беруді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Айтулы жетістік – қазақстандық жоғары білім беру саласының ғылыми әлеуеті мен инновациялық бағытының нақты айғағы болып табылады.
CAREC институтының гранты жасанды интеллект (ЖИ), инклюзивті және цифрлық білім беруді дамытуға бағытталған жобаларды қолдауды көздейді. ОҚПУ ұсынған жоба білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізу арқылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік беруді мақсат етеді. Бұл бастама, білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеріп, аймақтық және халықаралық серіктестікті нығайтуға бағытталған.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі – жасанды интеллектті қолдану арқылы мұғалімдердің кәсіби дамуын жетілдіру және білім беру үдерісін дербестендіру. Бұл, әрбір оқушының жеке қажеттіліктеріне сәйкес білім алуына жағдай жасайды, сондай-ақ мұғалімдерге оқушылардың прогресін тиімді бақылауға және оларға жеке көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
CAREC институтының қолдауы – Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ғылыми-зерттеу бағытындағы беделін арттырып қана қоймай, Қазақстандағы инклюзивті және цифрлық білім беру саласына тың серпін береді. Бұл жеңіс, еліміздің білім саласындағы инновациялық даму бағытының айқын дәлелі және жасанды интеллект арқылы болашаққа қадам басудың жарқын үлгісі болып табылады.
Бұл жобаның жүзеге асырылуы, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қоғамға толыққанды интеграциялануына ықпал етеді және білім берудегі теңсіздікті жоюға бағытталған маңызды қадам болып табылады. ОҚПУ-дың бұл жетістігі, Қазақстанның білім беру саласындағы халықаралық аренадағы орнын нығайта түсетіні сөзсіз.
