Шымкентте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған басым бағыттарды түсіндіру мақсатында Shymkent Hub алаңында студенттермен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге Shymkent Hub аймақтық бөлімінің басшысы Құрманғазы Мұратов, «Азия Сервис» компаниясы директорының орынбасары Александр Андреевич, сала мамандары және студенттер қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – жастарға цифрлық трансформацияның маңызын түсіндіру, жасанды интеллекттің экономиканың барлық саласына ықпалын талқылау және болашақ мамандардың цифрлық дағдыларын дамытуға жол ашу.
Спикерлер жасанды интеллектінің артықшылықтары мен қауіптері, сонымен қатар оны кәсіпкерлік, білім беру және мемлекеттік басқару салаларында қолдану жолдарына тоқталды.
Құрманғазы Мұратов өз сөзінде Шымкент қаласында ЖИ айтарлықтай дамып келе жатқанын атап өтті.
– Shymkent Hub технопаркінің негізгі мақсаты – өңірде IT саласын дамыту, жастардың стартап жобаларына қолдау көрсету. Жыл сайын 170-ке жуық іс-шара өтеді. Стартап академиясы, ноу-код курстары, түрлі хакатондар және тегін оқыту бағдарламалары ұйымдастырылуда, – дейді.
Сонымен қатар, қаланың цифрландыру көрсеткіштері соңғы екі жылда айтарлықтай артқан. «Smart City» жобаларының арқасында цифрлық қызметтерді пайдалану деңгейі 55 пайыздан 76 пайызға дейін өскен. Ақпараттық технологияларды қолдану көрсеткіші де 44 пайыздан 85 пайызға жеткен. Кездесу барысында студенттер мен жас мамандарға арналған тегін бағдарламалар таныстырылды. «Стартап Орда» жобасы аясында екі ай ішінде қатысушылар идеяларын толыққанды өнімге айналдыруға мүмкіндік алады.
Студенттер кездесуде цифрландыру трендтерімен, жасанды интеллекттің кәсіпкерлік пен мемлекеттік басқарудағы қолданылуымен, сондай-ақ заманауи цифрлық қауіпсіздік пен инновациялық шешімдермен танысты.
Жалпы, жиында жасанды интеллектінің жастарға берер мүмкіндігі зор екені айтылып, оның қоғамдағы рөліне қатысты пікірлер ортаға салынды.
Бұл шара жастарға цифрлық болашаққа сенімді қадам жасауға мүмкіндік берді.
