ЖАСТАРДЫҢ ЖАЛЫНДЫ КЕШІ: МЫРЗАКЕНТТЕГІ ЕРЕКШЕ СЕРПІЛІС

Мемлекет басшысы әрдайым жастар саясаты мәселесіне ерекше назар аударып, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалуы керектігін баса айтып келеді. Осы бағыттағы жұмыстар Мақтаарал ауданында да өз жалғасын тауып, жастардың басын қосатын тың бастамалар жүзеге асырылуда.

Жақында Мырзакент кентіндегі Орталық саябақта өткен «Жастар Party» кеші аудан жастары үшін нағыз мерекеге айналды. Аудандық ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» мен Мәдениет үйінің ұжымы бірігіп ұйымдастырған бұл шара жастардың бос уақытын мазмұнды өткізуге, шығармашылық әлеуетін ашуға және өзара достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталды. Саябақ төріндегі көңілді кеш заманауи әуендермен, қызықты ойындармен және тартысты сайыстармен ерекшеленді.

Іс-шара барысында белсенділік танытқан жастар арнайы сыйлықтармен марапатталып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Мұндай кездесулер жастардың қоғамдық өмірге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың бойындағы талантты шыңдауға үлкен серпін береді. Жастардың жүзіндегі шынайы қуаныш пен шаттық – ұйымдастырылған кештің мақсатына жеткенінің айқын дәлелі. Алдағы уақытта да аудан жастарының басын қосатын, олардың бойындағы жігерді жанитын осындай мазмұнды шаралар өз жалғасын тауып, жастардың жарқын болашағына өз үлесін қоса беретін болады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар