ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ

Шымкентте М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде «Білім берудің цифрлық трансформациясы: оқытушылар мен университеттердің жаңа мүмкіндіктері» атты профессорлық-оқытушылар құрамы үшін семинар өтті.
Жиналғандар алдында EDP HUB Publishing (Eurasian Digital Platforms Hub) компаниясының сарапшысы және бас маманы Гүлжауар Бикжанова сөз сөйледі. Өзінің семинары барысында ол цифрлық технологиялардың жоғары білімге интеграциялануын атап өтті, онлайн оқытудың тиімді әдістерімен таныстырды және профессорлық-оқытушылар құрамының кәсіби даму перспективаларын атап өтті.

«Қазіргі таңда цифрлық технологиялар қоғамның барлық саласына, соның ішінде білім беру жүйесіне де терең еніп, оның дамуына зор ықпал етуде. Әсіресе, жоғары білім беру саласында цифрлық технологияларды тиімді пайдалану білім сапасын арттыруға, оқыту әдістерін жаңартуға және студенттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Цифрлық технологиялар жоғары білім беруде оқу процесінің қолжетімділігі мен икемділігін арттырады.  Онлайн курстар, вебинарлар, электрондық кітапханалар және басқа да цифрлық ресурстар студенттерге географиялық шектеулерді еңсеріп, өздеріне ыңғайлы уақытта білім алуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе жұмыс істейтін студенттер, мүмкіндігі шектеулі жандар және шалғай аймақтарда тұратын студенттер үшін өте маңызды» деп атап өтті сарапшы.

Гүлжауар Бикжанова цифрлық технологиялардың оқытушыларға сабақ жоспарларын жасауға, студенттердің үлгерімін бағалауға және оқу материалдарын дайындауға көмектесетінін, онлайн платформалар арқылы студенттермен тиімді байланыс орната алатынын жеткізді.

Талқылау барысында қатысушылар оқу үдерісінде цифрлық құралдарды пайдаланудың, білім беру бағдарламасының мазмұнын жаңартудың, университеттің цифрлық инфрақұрылымын дамытудың практикалық аспектілерін қарастырды.
Мұндай іс-шаралар профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға және университетте инновациялық білім беру ортасын құруға ықпал етуге бағытталған.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар