«Балалар» жылына арналған игі шаралар Түлкібас ауданында жалғасын табуда. Бүгін ауданға қарасты Шұқырбұлақ елді мекенінде ауыл тумасы Әбдіраймов Бағжан Елетанұлының демеушілігімен жаңа кіші футбол алаңшасы ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға аудан әкімі Н.Байғұт және мәслихат хатшысы С.Сейсенбаев қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысандарымен құттықтап, игі іске мұрындық болған Бағжан Елетанұлына Алғыс хаттарын табыстап, дәстүрімізге сай иығына шапан жапты.
Сонымен қатар, салтанатты шарада ауыл ақсақалдары мен Бағжан Елетанұлының құрдастары ыстық лебіздерін білдіріп, жомарт жанға тұлпар мінгізді.
Бүгінде Түлкібас ауданында 9 кіші футбол алаңшасы ел игілігі үшін қызмет етеді. Биылғы жылдың өзінде аудан әкімдігінің қолдауымен демеушілер есебінен 3 кіші футбол алаңшасы бой көтеріп, пайдалануға берілген. Қосымша үстіміздегі жылы демеушілер есебінен Азаттық және Жәрімбетов елді мекенінен жаңа спорт нысандары пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда құрылысы жүзеге асуда.
Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылдың 7 ай қорытындысымен Түлкібас ауданы тұрғындарының 34,8 пайызы тұрақты спортпен шұғылдануда. Бұл көрсеткішті биылғы жылы 38,6 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.