Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешенінде» алқалы кеңес өтті. Жиын жұмыс жағдайын, техникалық және өрт қауіпсіздігін, әлеуметтік-еңбек қатынастарын саралауға арналды.

Қатысушылар өндіріс кешенін аралап, жұмысшылармен пікірлесті, санитарлық-тұрмыстық жағдайды тексерді. Кешенде 16 сектор, жатын орындар, асханалар, 4 жатақхана ғимараты бар. 700-ден астам жұмысшы 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтылған.
Кеңесте экологиялық тұрақтылық, топырақ жағдайы талқыланып, өрт қауіпсіздігіне баса назар аударылды. Облыс әкімінің орынбасары жұмыс барысындағы мәселелерді заң аясында шешуге, жұмыс беруші мен жұмысшы құқықтарын сақтауға шақырды.
Қорытынды бойынша нақты тапсырмалар беріліп, инвестициялық жобалардың заңға сәйкес атқарылуы ай сайынғы кеңестерде қаралатын болды.
