Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сай, Түркістан облысының шағын өндірістік парктерді құрудағы табысты тәжірибесі республиканың өзге өңірлерінде де қолданысқа енгізілмек. Бұл бастама – өңірлер арасындағы тиімді тәжірибе алмасудың маңызды бір көрінісі.
Жақында Батыс Қазақстан облысының әкімдігінен құралған арнайы делегация Түркістан облысына іссапармен келіп, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған аймақтарды зерттеді.
Іссапар аясында делегация Сауран ауданындағы «SAURAN» өндірістік паркін аралап, ондағы кәсіпорындардың жұмыс барысын бақылады. Сондай-ақ, Түркістан қаласындағы өндірістік парктердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Делегация Арнайы экономикалық аймақ пен Индустриялды аймақтарда орналасқан жобаларға да қызығушылық танытып, олардың жұмысын егжей-тегжейлі қарастырды.

Жалпы, Түркістан облысы бойынша 25 шағын өндірістік алаң ұйымдастырылып, 258 өндірістік ғимарат бой көтеруде. Оның 120-сы қазіргі таңда пайдалануға берілді. Бұл жобалардың іске қосылуы нәтижесінде өткен жылы 27 млрд теңгеге импортты алмастыратын тауарлар өндірілді. Іске қосылған нысандар қатарында тоңазытқыш шығаратын «UBC Group», жиһаз өндірісімен айналысатын «Aqniet Holding», сондай-ақ, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіретін «BNK Group» сынды компаниялар бар. Бұл жобалар өңірдің индустриялдық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етуде.
