ШЫМКЕНТТЕ БАСПАНА КЕЗЕГІ ЖЫЛЖУДА: ӘЛЕУМЕТТІК САНАТТАҒЫ 30 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар игі іс-шара өтіп, тұрғын үй кезегінде тұрған тағы 30 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті салтанатты жағдайда табыс етілді.

Мерекелік іс-шара қалалық «Көрме» орталығында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен ұйымдастырылды. Шаһар басшысы жаңа қоныс иелерін құттықтап, мемлекет тарапынан халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

Бұл игі жобалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік әділеттілікті орнату, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған тұрғын үй саясаты елдегі әрбір отбасының тұрмыс сапасын жақсартуды көздейді.

Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ-ның жеңілдетілген «2-10-20» және «5-10-20» ипотекалық бағдарламалары аясында берілді. Жаңа көпқабатты тұрғын үйлер қаланың қарқынды дамып келе жатқан Бозарық шағынауданында орналасқан.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында баспаналы болғандардың қатарында көп балалы және толық емес отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ерекше мұқтаждығы бар азаматтар, сондай-ақ бюджеттік ұйымдар мен әлеуметтік сала қызметкерлері бар.

Айта кету керек, Шымкент қаласында тұрғындардың баспана жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар кезең-кезеңімен, жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Салтанатты жиын барысында жаңа пәтер иелері ел басшылығына және қала әкімдігіне шексіз алғыстарын білдірді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар